Қазақстан мен Румыния шағын және орта бизнес арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға ниетті

Қазақстан мен Румыния шағын және орта бизнес арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға ниетті

Бухарест, 2026 жылғы 29 қаңтар — Қазақстан Республикасының Румыниядағы Елшісі Е.Әли Румынияның Шағын және орта жеке кәсіпорындар ұлттық кеңесінің Президенті Ф.Джианумен кездесті.

Кездесу барысында тараптар Қазақстан–Румыния арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі мен даму перспективаларын, сондай-ақ екіжақты байланыстарды тереңдетудегі шағын және орта бизнестің рөлін талқылады. Румынияда, жалпы Еуропалық Одақтағыдай, шағын және орта кәсіпорындар тіркелген компаниялардың шамамен 99,7%-ын құрайтыны, кәсіпкерлік орта мен жұмыспен қамтудың негізі екені атап өтілді.

Екі елдің бизнес-қоғамдастықтары арасындағы тікелей байланыстарды кеңейтуге, өнеркәсіптік кооперацияны дамытуға және шағын және орта бизнестің қатысуымен бірлескен жобаларды іске асыруға ерекше назар аударылды. Осы тұрғыда қолайлы кәсіпкерлік ортаны қалыптастыру және институционалдық қолдау мәселелері, соның ішінде Ф.Джианудың Румынияның Кәсіпкерлік, сауда және туризм министрі қызметіндегі тәжірибесіне сүйене отырып қарастырылды.

Қазақстан Елшісі сәуір айында Астана қаласында өтетін екіжақты Үкіметаралық комиссияның кезекті отырысына дайындық барысы туралы хабардар етіп, румын тарапын осы отырыс аясында жоспарланған бизнес-форумға қатысуға шақырды.

Өз кезегінде Ф.Джиану екі ел кәсіпкерлері арасындағы ынтымақтастықты дамытуда зор әлеует бар екенін атап өтіп, Қазақстан мен Румынияның бизнес-қоғамдастықтары арасындағы тікелей байланыстарды, оның ішінде Астанада өтетін алдағы бизнес-форум аясында, кеңейтуге жәрдемдесуге дайын екенін білдірді.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар өзара ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүдделілігін растады және іскерлік қауымдастықтар мен салалық құрылымдар желісі бойынша практикалық диалогты жалғастыруға уағдаласты.

 

Румынияның Шағын және орта жеке кәсіпорындар ұлттық кеңесі — елдегі барлық кәсіпорындардың шамамен 99,7%-ын құрайтын шағын және орта бизнес мүдделерін білдіретін жетекші іскерлік қауымдастық. Ұйым жүз мыңдаған компанияны біріктіреді, мемлекеттік саясатты қалыптастыруға қатысады, экспортты, инвестицияларды және бизнестің халықаралық қосылған құн тізбектеріне интеграциясын қолдайды.