Мәдениет көпірі: «TURAN» қазақ ансамблі румын көрерменінің жүрегін жаулап алды

Мәдениет көпірі: «TURAN» қазақ ансамблі румын көрерменінің жүрегін жаулап алды

Бухарест, 2025 жылғы 16 қазан – Қазақстан Республикасының күні қарсаңында Бухарестте Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымының «TURAN» этно-фольклорлық ансамблінің салтанатты концерті өтті

 

Елші Ерлік Әли концертті ашып, құттықтау сөзінде ансамбльдің жоғары кәсіби шеберлігін, зор жетістіктері мен бай халықаралық тәжірибесін атап өтті. Елші «TURAN» ансамблі қазіргі қазақстандық этномузыканың жарқын өкілі ретінде әлемнің ең беделді сахналарында өнер көрсетіп, ондаған елдерде зор табысқа жетіп, кең көрермен қауымның ықыласына бөленіп, Қазақстанның мәдени мұрасын халықаралық деңгейде насихаттауға айрықша үлес қосқанын атап өтті.

 

«TURAN» ансамблінің музыканттары көрермендерге түркі және қазақ музыкалық мәдениетінің сан ғасырлық мұрасын бейнелейтін әсерлі әрі өзіндік концерттік бағдарламасын ұсынды. Ежелгі дәстүрлі аспаптардың үні заманауи музыкалық нақыштармен үйлесіп, ұрпақтар арасындағы рухани жалғастық пен мәңгілік мәдени байланысты айқын сездірді. Ансамбльдің жоғары кәсібилігі, орындау шеберлігі мен терең эмоциялық әсері тыңдармандардың жүрегін баурап, Ұлы Дала рухын зор шабытпен жеткізді.

 

Мәдени кеш нағыз достық көпіріне айналып, румын зиялылары мен дипломатиялық корпустың өкілдерін, бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлерін, өнер және бизнес саласының өкілдерін, сондай-ақ Румынияда тұратын қазақ студенттері мен отандастарды біріктірді.
Іс-шараның жылы да рухты атмосферасы залды баурап алды, ал концерт соңында көрермендер музыканттарды ұзақ қол шапалақпен қарсы алып, ыстық ықылас пен шынайы қошемет көрсетті.