2025 жылғы 6–8 қазан аралығында Қазақстанда Румыния делегациясы ресми сапармен болды.
Делегация құрамына Констанца уезі кеңесінің төрағасы Ф. Митрой, Румынияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Мадалина Лупу, Румыния Сауда-өнеркәсіп палатасының президенті Михай Дарабан, Қазақстанның Румыниядағы Құрметті консулы Корина Мартин және румын іскерлік қауымдастығының бірқатар өкілдері кірді.
Астанада Қазақстанның Сыртқы сауда палатасының басқарма төрағасы М.Кәрімсаковпен кездесу өтті. Тараптар сауда-экономикалық ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен даму перспективаларын талқылап, сауда палаталары арасындағы тікелей байланыстарды нығайту, Қазақстан–Румыния іскерлік кеңесінің қызметін жандандыру және бірлескен бизнес-форумдар мен B2B кездесулер өткізу мәселелеріне назар аударды.
ҚР Сыртқы сауда палатасының басқарма төрағасы Румыниямен қарым-қатынастың ерекше сипатын атап өтіп, екі елдің Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамытуға қатысуы жаңа іскерлік мүмкіндіктер платформасы екенін айтты.
Ақтауда румын делегациясы Маңғыстау облысының әкімі
Н. Қилыбаймен кездесті. Кездесу барысында өңіраралық ынтымақтастық, инвестициялық өзара іс-қимыл, мәдени және туристік бастамаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды. Өңірдің порт инфрақұрылымы мен жасыл энергетика саласындағы басым жобалары таныстырылды.
Кездесу қорытындысы бойынша Маңғыстау облысы мен Констанца уезі арасында экономикалық, әлеуметтік және мәдени салалардағы әріптестікті дамытуды көздейтін ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды.
Қазіргі таңда Маңғыстау облысында румындық қатысумен бес кәсіпорын жұмыс істейді.
Сапар аясында делегация Ш. Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетіне барып, инженерлік білім, академиялық алмасулар мен қолданбалы зерттеулер салаларындағы ықтимал ынтымақтастық форматтарын талқылады.
Сонымен қатар теңіз және логистика секторындағы қазақстандық компаниялардың қатысуымен бизнес-форум мен B2B келіссөздер өтті. Кездесу барысында теңіз тасымалын кеңейту, порттарды жаңғырту және Транскаспий бағытын дамытуға бағытталған жобаларға румын тарапын тарту мәселелері қаралды.
Сапар соңында делегация Құрық портына, «Саржа» терминалына және Ақтау халықаралық теңіз сауда портына барып, олардың логистикалық мүмкіндіктерімен және ағымдағы инвестициялық жобалармен танысты.
Сапар тараптар арасындағы жоғары сенім деңгейін және энергетика, көлік, логистика, білім және ғылым салаларында ұзақ мерзімді әріптестікті дамытуға өзара мүдделілікті растады.
2024 жылдың қорытындысы бойынша екіжақты тауар айналымы 2,92 млрд. долл. құрап, 2023 жылмен салыстырғанда 1,6%-ға өсті. 2025 жылдың
8 айында өзара сауда көлемі 1,6 млрд. долл. құрады, бұл ретте Қазақстан экспорты 9%-ға артты.
Қазақстандық экспорттың негізгі бөлігін мұнай, уран, газ және көмір құрайды, ал импорт құрылымында дәрі-дәрмектер мен электр жабдықтары басым.
Румынияда қазақстандық капиталдың қатысуымен 35 компания, ал Қазақстанда румындық қатысумен 39 компания тіркелген.