Бухарест, 2025 жылғы 29 қыркүйек – Қазақстан тарапының бастамасымен Румыния Президентінің экономикалық және әлеуметтік мәселелер жөніндегі кеңесшісі Раду Бурнэтэмен кездесу өтті.
Кездесу барысында Қазақстан Республикасының Елшісі Ерлік Әли Қазақстан мен Румыния арасындағы саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық және энергетика салаларындағы ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі мен болашағы туралы кеңінен хабардар етті.
Сауда-экономикалық өзара іс-қимыл мәселелеріне ерекше назар аударылды. Мәселен, геосаяси тұрақсыздыққа қарамастан, 2024 жылы Қазақстан мен Румыния арасындағы тауар айналымының артқаны атап өтілді.
Кездесу барысында басты тақырыптардың бірі – инвестициялық ынтымақтастық мәселелері болды. Қазақстан Румынияны Шығыс Еуропадағы негізгі серіктестерінің бірі ретінде қарастыратыны атап өтілді. Бұл тұрғыда Румынияда 20 жылға жуық уақыт табысты жұмыс істеп келе жатқан, елдегі ең ірі салық төлеушілердің бірі және мұнай өңдеу саласындағы стратегиялық инвестор саналатын KMG International N.V. (Rompetrol) компаниясының қызметіне баса назар аударылды.
Кездесу барысында Rompetrol компаниясының бас директоры Эрик Сагиев энергетикалық саладағы ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған бірқатар бастамаларды таныстырды. Қазақстан тарапынан осы жобаларды іске асыруға румын тарапының қолдау көрсететініне үміт білдірілді.
Келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар екіжақты әріптестікті нығайтуға және өзара қарым-қатынастардың толық әлеуетін іске асыруға ниетті екенін растады.
Анықтама ретінде: 2024 жылы Қазақстан мен Румыния арасындағы тауар айналымы 2,92 млрд. АҚШ долларын құрады, ол 2023 жылмен салыстырғанда 1,74%-ға артты.