Бухарест қаласы, 2025 жылғы 8–9 қыркүйек – «PetroCouncil» және «KazService» қауымдастықтарының басшылығы мен мүшелерінің Румынияға жасаған сапары аясында энергетика, ақпараттық технологиялар және логистика сияқты негізгі салаларда Қазақстан мен Румыния арасындағы екіжақты ынтымақтастықты дамытуға бағытталған бірқатар кездесулер өтті.
Делегация мүшелері «Rompetrol» компаниясы, Румыния Сауда-өнеркәсіп палатасының басшылығымен кездесіп, стратегиялық маңызды өндірістік нысандар — «Vega Refinery» (Плоешти қаласы) және «Petromidia Refinery» (Констанца қаласы) мұнай өңдеу зауыттарын аралады.
Кездесулер барысында қазақстандық мұнай-сервистік және инжинирингтік компанияларды румын жобаларына тарту мүмкіндіктері, энергетика және өнеркәсіп салаларының қажеттіліктеріне бағытталған бірлескен цифрлық жобалар мен технологиялық шешімдер әзірлеу, сондай-ақ тәжірибе алмасу мәселелері талқыланды.
Сондай-ақ тараптар мұнай-газ саласындағы ортақ жобаларды іске асыру үшін Қазақстан мен Румыниядан білікті мамандарды тарту мүмкіндігін қарастырды. Бұл екі елдің де сараптамалық деңгейі мен технологиялық жабдықталуын арттыруға мүмкіндік береді.
Сапар қорытындысы бойынша стратегиялық әріптестікті нығайтуға, жаңа нарықтарға шығуға және Қазақстан мен Румынияның экономикалық өсімі мен технологиялық дамуына ықпал ететін бірлескен жобаларды іске асыруға өзара мүдделілік расталды.