Абайдың қара сөздері румын тілінде Бухарестте оқылды

Абайдың қара сөздері румын тілінде Бухарестте оқылды

Бухарест, 2025 жылғы 20 маусым - Бухаресттің басты мәдени орталықтарының бірі Румыния Ұлттық кітапханасының қабырғасында қазақтың ұлы ақыны, философы және ағартушысы Абай Құнанбаевтың 180 жылдық мерейтойына орайластырылған салтанатты конференция өтті. Бұл маңызды іс-шара дипломатиялық корпустың, ғылыми және шығармашылық зиялы қауымның, қоғам қайраткерлерінің өкілдерін жинай отырып, Қазақстан мен Румыния арасындағы мәдени өзара түсіністіктің шынайы көпіріне айналды.

Конференцияны ҚР-дың Румыниядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ерлік Әли құттықтау сөзімен ашты. Өз сөзінде ол Абай халықтың таным көкжиегін кеңейтуге ықпал ету үшін шығыс және батыс мәдениеттерін жан-жақты зерттеп, олардың үздік үлгілерімен таныстырып отырғанын атап өтті. Оның идеялары барлық замандарда да өзектілігін жоғалтпайтынын айтты.

Шара барысында қатысушыларға Абайдың өмір жолы, қазақ әдебиеті, философиясы мен ұлттық сана-сезімінің дамуына қосқан үлесі туралы баяндайтын деректі фильм ұсынылды.

Клуж-Напока қаласындағы Бабеш-Бояй университетінің Түркітану факультетінің профессоры Маргарета Асланның баяндамасы ерекше ықыласпен тыңдалды. Ол Абайдың бай философиялық мұрасын ашып көрсетіп, оның әлемдік мәдениеттер үнқатысуына қосқан үлесін атап өтті.

Кештің ажырамас бөлігі ретінде Румынияның танымал актері Эуджен Кристяның орындауындағы Абайдың «Қара сөздерінің» көркем оқылымы үлкен әсер қалдырды. Оның әсерлі де жан толқытарлық орындауы көне қазақ даналығына румын тілінде жаңа тыныс беріп, қонақтардың ерекше қызығушылығы мен шынайы ықыласын тудырды.

Бағдарламаның шарықтау шегі ретінде пианист, халықаралық байқаулардың лауреаты Дана Әли Абайдың танымал музыкалық шығармаларын орындап, залды биік рухани күйге бөлеп, ұлы ақынға деген нәзік ілтипат пен терең құрмет сезіміне толтырды.

Шара аясында қатысушыларға румын тіліне аударылған Абайдың «Қара сөздер» кітабы табыс етілді — бұл мәдени үнқатысу мен өзара түсіністікке ұмтылыстың айғағы ретінде ұсынылды. Сонымен қатар, бұл ерекше басылымның даналары Румыния Ұлттық кітапханасының қорына ресми түрде табыс етілді және ол әлем әдебиетінің інжу-маржандарының қатарына қосылатын болады.

Айта кететін жайт, 2021 жылы Бухаресттің ортасындағы Астана алаңында Абай Құнанбаевқа арналған ескерткіш салтанатты түрде ашылған болатын. Бұл ескерткіш Қазақстан мен Румыния арасындағы берік достық пен мәдени өзара құрметтің символына айналды.