Люксембург қ., 2025 жылғы 28 сәуір — Қазақстанның Люксембургтегі Елшісі Марғұлан Баймұхан жұмыс сапарымен Люксембургке барып, цифрландыру жөніндегі министр, жоғары білім және ғылым министрі Стефани Обертин, Ұлы Герцогтік Парламентінің Сыртқы және еуропалық істер жөніндегі комитетінің төрағасы Гасти Граас және Еуропалық инвестициялық банкінің EIB Global бөлімінің бас директоры Эндрю Макдауэллмен жеке кездесулер өткізді.
Стефани Обертинмен әңгіме барысында цифрландыру саласындағы ынтымақтастықты орнату мүмкіндіктері, оның ішінде жасанды интеллект технологияларын енгізу мен реттеу тәжірибесімен алмасу мәселелері талқыланды. Люксембургтік министр Қазақстанның мемлекеттік қызметтерді цифрландырудағы жетістіктерін жоғары бағалады.
Гасти Грааспен кездесуде Қазақстан мен Люксембург арасындағы саяси және экономикалық диалогты дамыту, парламентаралық ынтымақтастықты (ПАСЕ және Еуропарламент аясындағы өзара іс-қимылдарды қоса алғанда) жандандыру, сондай-ақ өңірлік және жаһандық қауіпсіздік мәселелері сөз болды. Г. Граас Еуропалық одақ пен Орталық Азия елдері арасындағы өзара тиімді өңіраралық әріптестіктің кеңеюін құптады. Елші Баймұхан Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан қоғамдық-саяси реформалар туралы ақпарат берді.
Эндрю Макдауэллмен кездесуде Еуропалық инвестициялық банкінің қолдауымен Қазақстанда жүзеге асырылуы жоспарланған келешегі зор инфрақұрылымдық жобалар талқыланды. Еуропалық әріптестер көлік, энергия тиімділігі және стратегиялық маңызды шикізат ресурстарын дамыту салаларындағы бірлескен жобаларды бірлесе қаржыландыруға қызығушылық білдірді.
1958 жылы құрылған Еуропалық инвестициялық банкі (ЕИБ) — инфрақұрылым, инновациялар және климаттық жобаларды қаржыландыратын ЕО-ның қаржы институты. Жарғылық капиталы шамамен 248 миллиард еуроны құрайтын банк 2023 жылы 88 миллиард еуродан астам несие берген.