Брюссель, 2025 жылғы 12 сәуір — Еуропалық Одақтың астанасы Брюссель қаласында Наурыз мейрамы салтанатты түрде аталып өтті. Іс-шараны Қазақстан Республикасының Бельгия Корольдігі мен Люксембург Ұлы Герцогтігіндегі Елшілігі ұйымдастырды. Демеушілік көмек көрсеткендер: Eurasian Resources Group (ERG), Jan De Nul, Ahlers, Turkish Airlines, Валлондық Брабанттағы Қазақстанның құрметті консулы А. Сусарова және т.б.
Мерекелік шараға қазақ диаспорасының өкілдері, қазақстандық студенттер, Бельгия мен Люксембургтің мемлекеттік, қоғамдық ұйымдары мен іскер топтарының өкілдері, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Іс-шарада Қазақстан Республикасының Бельгиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Марғұлан Баймұхан құттықтау сөз сөйледі. Ол, Наурыздың жаңару, бейбітшілік, келісім мен бірліктің символы екендігін атап өтіп, бұл мейрам Орталық Азия халықтарының терең мәдени дәстүрлерін бейнелейтінін және елдер арасындағы мәдени диалогты нығайтуға маңызды үлес қосатынын айтты.
Қонақтарға мазмұнды мәдени бағдарлама ұсынылды: қазақтың салт-дәстүрлері, ұлттық ойындар (қанат тартыс, асық ату, садақ ату), музыкалық шығармалар көрсетілді. Көрнекті суретші Г. Тұрлымұратованың көркем шығармалар көрмесі мен ұлттық киімдер көрсетілімі үлкен қызығушылық тудырды. Сонымен қатар, спорттық шаралар (волейбол) және демеушілердің (Turkish Airlines) қолдауымен Қазақстанға авиабилеттің ұтыс ойыны өткізілді.
Іс-шара аясында қазақтың ұлттық тағамдарының, соның ішінде молшылық пен берекенің символы — басты тағам саналатын наурыз-көженің дәмін тату ұйымдастырылды.
Мереке аясында қайта жөнделіп, жаңғыртылған «Kazakhstan Born Bold» атты көпфункционалды спорт алаңының тұсау кесері өтті.
Брюссельдегі Наурыз мейрамы Қазақстан мәдениетінің байлығы мен халықтар арасындағы достық байланыстарды нығайтудың, өзара түсіністік пен мәдениетаралық құрмет қағидаттарын ілгерілетудің жарқын көрінісіне айналды.