Брюссель, 2025 жылғы 7-8 сәуір – Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының Төрағасы Эльвира Азимова жұмыс сапарымен Брюссельге барды.
Төраға Э.Азимова іссапар шеңберінде Жоғары Сот органдарының өкілдерімен және Еуропалық Парламенттің депутаттарымен бірқатар кездесулер өткізді. Сонымен қатар, Бельгия Конституциялық сотының төрағасы Люк Лаврейсенмен, Бельгияның өкілдер палатасының Сыртқы байланыстар комитетінің төрағасы Эльс Ван Хофпен, сондай – ақ Еуропалық Парламенттің профильді комитеттері - Адам құқықтары жөніндегі Кіші комитеттің, Құқықтық мәселелер жөніндегі комитеттің және Орталық Азия елдерімен және Моңғолиямен байланыс жөніндегі делегацияның төрағаларымен келіссөздер жүргізді.
Кездесулер барысында Конституцияның үстемдігін нығайтудың, конституциялық бақылау институтын дамытудың өзекті мәселелері және сот билігінің адам құқықтары мен бостандықтарын қорғаудағы рөлі талқыланды. Оның ішінде, құқық қорғау күн тәртібіне, сот жүйесінің тәуелсіздігін қамтамасыз етуге, сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатқа және демократиялық құндылықтарды ілгерілету саласындағы халықаралық ынтымақтастыққа ерекше назар аударылды.
Еуропалық парламенттің өкілдері Қазақстанда жүргізіліп жатқан институционалды реформаларды жоғары бағалады және Конституциялық Сотпен одан әрі кеңінен байланыс орнатуға қолдау білдірді. Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасында құқықтық мемлекеттілік пен демократиялық институттарды дамытуға бағытталған ашық және кәсіби пікір алмасудың маңыздылығы атап өтілді.
Тараптар Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты мен Еуропалық Парламенттің профильді құрылымдары арасында тәжірибе алмасу мен сараптамалық өзара іс-қимылды қоса алғанда, ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге өзара мүдделі екендіктерін растады. Ынтымақтастықтың құқықтық негізін нығайту Қазақстан мен ЕО арасындағы стратегиялық әріптестікті тереңдетуге зор үлес қосатыны атап өтілді.
Жұмыс сапары шеңберінде Қазақстан Конституциялық Сотының Төрағасы Euronews халықаралық телеарнасына сұқбат берді. Ол сұқбат барысында Конституциялық Соттың азаматтардың құқықтарын қорғаудағы рөлі, азаматтардың тікелей өтінішпен жүгіну тетігінің тиімділігі, сот шешімдерінің заңнамаға әсері, конституциялық жүйенің халықаралық стандарттарға сәйкестігі және халықаралық ынтымақтастықтың перспективалары туралы айтты.
Жалпы, сапар конституциялық сот төрелігі мәселелері бойынша халықаралық диалогты нығайтуға ықпал етті, сенімнің дамуына үлес болды және Қазақстанның құқық үстемдігі мен адам құқықтарын құрметтеу қағидаттарына бейілділігін атап өтті.