Агроөнеркәсіп саласындағы ынтымақтастық бағыттары Еуропалық Парламентте талқыланды

Агроөнеркәсіп саласындағы ынтымақтастық бағыттары Еуропалық Парламентте талқыланды

Брюссель, 2025 жылғы 19 наурыз – Қазақстанның Елшісі Марғұлан Баймұхан Еуропалық Парламенттің Ауыл шаруашылығы және ауылдық аумақтарды дамыту жөніндегі комитетінің (AGRI) төрайымы, чехиялық еуродепутат Вероника Вреционовамен кездесті.

Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы парламентаралық ынтымақтастықтың даму перспективаларын талқылады. Еуропалық Парламенттің салалық комитеттері (AFET, DROI, DCAS) мен Қазақстан Парламентінің Мәжілісі және Сенаты арасындағы белсенді ынтымақтастық пен өзара сапарлардың маңыздылығы атап өтілді.

Сонымен қатар, тараптар агроөнеркәсіп саласындағы ынтымақтастықтың негізгі аспектілерін, атап айтқанда сауда байланыстарын кеңейту, қазақстандық агроөнеркәсіп өнімдерін экспорттауды ілгерілету және Қазақстанның ауыл шаруашылығы өнімділігін арттыру мақсатында еуропалық тәжірибе мен технологияларды тарту мәселелерін қарастырды.

Санитарлық, ветеринарлық және фитосанитарлық стандарттарды үйлестіру мәселелеріне ерекше назар аударылды, бұл Қазақстанның ауыл шаруашылығы өнімдерін ЕО нарығына экспорттау көлемін арттыруда маңызды рөл атқарады.

Қазақ дипломаты Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Аграрлық мәселелер комитетінің атынан Еуропарламенттің AGRI комитетіне Қазақстанға сапармен келуге ресми шақыруын тағы да растады. Бұл сапар салалық комитеттер арасындағы диалогты кеңейтуге және Қазақстан-ЕО агроөнеркәсіптік ынтымақтастығына қосымша мүмкіндіктер жасауға бағытталған.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар белсенді байланыстарды қолдауға және Еуропалық Парламент AGRI комитетінің Қазақстанға сапарын ұйымдастыру мүмкіндігін қарастыруға келісті.

Қазіргі таңда қазақстандық балық өнімдері ЕО нарығына жеткізілуде. Сонымен қатар, ү.ж. 24 ақпанда Еуропалық Одақ Қазақстанды бал экспортына рұқсат етілген ел ретінде ресми түрде бекітті. Сонымен қатар, 2024 жылғы 27 мамыр мен 1 маусым аралығында Еуропалық Одақтың ауыл шаруашылығы жөніндегі комиссары Януш Войчеховский Қазақстан Республикасына (Алматы, Астана қалалары) сапармен келіп, құрамында ЕО-ның 16 елінен 40-тан астам агроазық-түлік компаниялары өкілдері бар делегацияны басқарды.