Шығыс және Батыс Фландрия кәсіпкерлері Қазақстанда өз бизнестерін дамытуға мүдделі

Шығыс және Батыс Фландрия кәсіпкерлері Қазақстанда өз бизнестерін дамытуға мүдделі

Кортрик, 2024 жылғы 24 сәуір – Қазақстанның Бельгиядағы Елшісі Марғұлан Баймұхан Батыс және Шығыс Фландрия провинцияларында бірқатар фламандиялық компаниялардың өкілдерімен, Гент университетінің басшылығымен жеке кездесті, сондай-ақ Infopol 2024 құқық қорғау органдарымен құтқару қызметтеріне арналған жабдықтар көрмесіне барды.

Vatech Group компаниясының тең иесі және басшысы Франк Вандепуттемен кездесу барысында бельгиялық компания мен қазақстандық бизнес субъектілері арасындағы ынтымақтастықты кеңейту жолдары талқыланды.

Қазақстандық дипломат ҚР-дің инвестициялық, сауда-экономикалық әлеуеті туралы айтты. Сондай-ақ М.Баймұхан Valvan, Ad Rem, Soenen Technologies компанияларының жоғары технологиялық өндіріс орындарымен танысты.

Valtech Group 1968 жылы құрылған. Өнімдерін 194 елге жеткізетін 16 жоғары технологиялық кәсіпорынды біріктіреді.

Гент университетінің Ректоры Рик Ван Де Валлемен кездесу барысында мамандарды даярлау және қайта даярлау саласында қазақстандық оқу орындарымен байланыс орнату мүмкіндіктері, сондай-ақ ғылыми ынтымақтастық мәселелері талқыланды.

Р.Ван Де Валле ҚР-дің университеттерімен және ғылыми орталықтарымен ынтымақтастыққа қызығушылық танытып отырғанын атап өтті, сондай-ақ Гент университетінде білім алып жатқан қазақстандық студенттердің жетістіктерін жоғары бағалады.

Сонымен бірге, М.Баймұхан университетке сапары барысында қазақстандық докторанттармен және зерттеушілермен де кездесті.

Анықтама: Гент университеті 1817 жылы құрылған және әлемнің үздік 100 университеттерінің қатарына кіреді. Гент университетінің 50 мыңнан астам студенті 200+ бағдарлама бойынша білім алуда. 2012-2022 жылдар аралығында университет 1356 патентке ие болды. Университеттің бюджеті 1,8 миллиард еуродан асады. Университетте 15 мың қызметкер жұмыс істейді, ал профессорлық-оқытушылық құрамы 85 мыңнан астам жарияланым шығарды, оның 45 мыңға жуығы халықаралық деңгейде мойындалған ғылыми басылымдарда.

Бельгияның провинцияларына сапарының соңында М.Баймұхан Infopol 2024 көрмесіне барып, медициналық құтқару қызметтері мен құқық қорғау органдарына өз шешімдерін ұсынатын бірқатар еуропалық компаниялардың өкілдерімен таныстыру кездесулерін өткізді.