Брюссельде Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы цифрландыру саласындағы ынтымақтастыққа арналған дөңгелек үстел өтті

Брюссельде Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы цифрландыру саласындағы ынтымақтастыққа арналған дөңгелек үстел өтті

Брюссель, 2022 жылғы 14 желтоқсан – Цифрландыру саласындағы Қазақстан мен Еуропа арасындағы баянды ықпалдастық мәселелері Брюссельде «Еуропалық көршілестік кеңесі» талдау орталығы мен Қазақстанның Еуроодақ жанындағы өкілдігі ұйымдастырған «Цифрландыру және өзара байланыстылық: ЕО мен Қазақстан қалай жақсырақ ынтымақтаса алады?» атты дөңгелек үстелде талқыланды. Іс-шараға жетекші еуропалық институттардың мүдделі қызметкерлері, сарапшылар, кәсіпкерлер, дипломаттар және бұқаралық ақпарат құралдары қатысты.

«Цифрландыру – жаңа Қазақстанның болашағын құрудың қуатты құралы, ал цифрлық даму саласында тиімді трансформация және бейімделу мүмкіндіктері ірі компаниялардың, тіпті тұтас мемлекеттердің бәсекеге қабілеттілігінің маңызды факторы болып табылады. Қазақстан өзіне құрлықтағы ең ірі цифрлық хабтардың бірі болу мақсатын қойды», – деді дөңгелек үстелдің ашылуында Қазақстанның Еуроодақтағы өкілдігінің басшысы Марғұлан Баймұхан. Осы орайда ол Қазақстанның аталған проблемаларды шешуде айтарлықтай жетістіктерге жеткенін және, мысал ретінде, бүгінде электронды үкіметті дамыту бойынша БҰҰ рейтингінде жоғары 28-ші орынды иеленгенін еске салды.

«Біз Қазақстанның цифрландыруды дамытудағы жоғары мақсаттары Еуроодақтың осы саладағы басымдықтарымен және өткен айда Еуроодақ Самарқандтағы тұрақты даму үшін өзара байланыстылыққа арналған конференцияда таныстырған Орталық Азияның цифрлық өзара байланыстылық жөніндегі жаңа бастамасымен үйлеседі деп санаймыз», – деп атап көрсетті Елші.

Сондай-ақ дипломат іс-шараға қатысушыларды Қазақстан Республикасының Президенті Digital Bridge 2022 халықаралық технологиялық форумындағы сөзінде жария етілген ақпараттық-коммуникациялық технологияларды дамыту саласындағы мемлекеттік саясаттың басымдықтарымен таныстырды және еуропалық институттар мен бизнесті заманауи қоғам мен экономика дамуының осы маңызды саласында Қазақстанмен ынтымақтасуда белсенділік танытуға шақырды.

Еуропалық одақтың Орталық Азия бойынша арнайы өкілі кеңсесінің және Еуропалық комиссияның Халықаралық әріптестік жөніндегі Бас директоратының өкілдері Қазақстан мен Еуропа арасындағы ынтымақтастықты кеңейтудің қазіргі жағдайы мен келешегі туралы ойларымен бөлісті. Цифрландыруды дамытудағы ынтымақтастық тақырыбы жақында Еуропалық кеңес Президентінің Орталық Азиядағы мемлекеттердің басшыларымен 2022 жылғы 27 қазанда Астанада және сыртқы істер мекемелері басшыларының 2022 жылғы 17 қарашада Самарқандта өткен басқосуларында талқыланған ЕО мен Орталық Азия елдері арасындағы өзара байланыстылықты дамыту стратегиясының элементі болып табылатыны атап өтілді.

Қызметі Еуроодақтың Оңтүстік-Шығыс Еуропа, Кавказ, Орталық Азия елдерімен және Түркиямен ынтымақтастықты қолдайтын «Еуропалық көршілік кеңес» тәуелсіз талдау орталығының Басқарушы директоры Сэмюэл Вестербидің айтуынша, Орталық Азиямен цифрлық және көліктік байланысты дамыту бұл өңірдің бай адамдық, экономикалық және транзиттік әлеуетін ашуға, сондай-ақ Азия мен Еуропа арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды нығайтуға ықпал ете алады.

Бельгия мен Люксембургтің бизнес-қоғамдастығының өкілдері –Camco Technologies компаниясының жобалар бойынша аға менеджері Питерс Венрер және Data Things компаниясының технологиялар және зерттеулер бөлімінің басшысы» Франсуа Фуке халықаралық көлік желілеріндегі процестерді автоматтандыру және «үлкен деректерді» өңдеу саласында Қазақстанда жүзеге асыруға ұсынылған қызықты жобаларды таныстырды.

Дөңгелек үстелде отандық мамандар қоғамдастығының көзқарасын Қазақстанның Интернет қауымдастығының президенті Шавкат Сабиров, Қазақстанның ақпараттық қауіпсіздік қауымдастығының төрағасы Виктор Покусов және ақпараттық технологиялар саласындағы танымал сарапшы Александр Ляхов таныстырды. Талқылау барысында қазақстандық тарап цифрлық секторды нығайту, қауіпсіздік стандарттарын көтеру, кәсіби отандық кадрларды даярлау үшін еуропалық серіктестермен баянды серіктестікке мүдделі екені атап өтілді.

Сонымен қатар, отандық сарапшылар Брюссельде Еуропалық комиссияның Халықаралық әріптестік жөніндегі Бас директоратында және Еуропалық сыртқы істер қызметінің Өзара байланыстылық және цифрлық трансформация басқармасында кездесулерге қатысты. Еуроодақтың Орталық Азияға қатысты Стратегиясы аясындағы ынтымақтастықтың ағымдағы бағыттары және Орталық Азиямен цифрлық өзара байланыстылық жөніндегі Еуроодақ бастамасын жүзеге асырудағы  Қазақстанның рөлі бойынша пікір алмасылды.

Анықтама: Орталық Азиядағы цифрлық өзара байланыстылық бойынша «Еуропалық команда» (Team Europe) бастамасы 2022 жылы 18 қарашада Самарқандта Орталық Азия – Еуроодақ өзара байланыстылық жөніндегі министрлер конференциясы барысында таныстырылыkls. Бағдарлама Одақтың серіктес елдермен энергетикалық, көліктік және цифрлық байланысын ілгерілетуге бағытталған «Жаһандық қақпа» (Global Gateway) стратегиясының бөлігі болып табылады. Бастама аясында Еуроодақ Орталық Азия елдерінің шалғай елді мекендерінде спутниктік байланысты енгізуді нормативті-құқықтық және регуляторлық негізді жетілдіру және спутниктік байланыс операторлары (Sattelite connectivity operators, SatComs) желісін құруда қолдауға ниетті.