Қазақстан Елшісі Люксембург Ұлы Герцогіне сенім грамоталарын тапсырды

Қазақстан Елшісі Люксембург Ұлы Герцогіне сенім грамоталарын тапсырды

Қазақстан Елшісі Марғұлан Баймұхан Ұлы Мәртебелі Люксембург Герцогі Анриге сенім грамоталарын тапсырды. Тапсыру рәсімі Герцогтің ресми резиденциясы, "Palais Grand-Ducal" сарайында өтті.

Салтанатты рәсімнен кейін Монархтың аудиенциясына қабылданған қазақстандық Елші екі мемлекет арасындағы екіжақты қатынастарды, ҚР-ЕО және Орталық Азия-ЕО алаңдарындағы көптарапты ынтымақтастықтың болашағын талқылады. Қазақстандық дипломат елдегі қазіргі жағдай, ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың "тыңдаушы мемлекет" тұжырымдамасы аясында бастамашылық еткен саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалар туралы айтып берді. Өз кезегінде Герцог Анри Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформаларға және ҚР-дағы жағдайды тұрақтандыру жөніндегі шараларға қолдау білдірді. Ол Қазақстанның өңірлік өлшемдегі маңызды рөлін атап өтіп, қазақстандық және люксембургтік бизнес-қоғамдастық арасындағы белсенді ынтымақтастыққа үміт білдірді.  

Сондай-ақ, сапар аясында Қазақстан Елшісі Қазақстанның Люксембургтегі Құрметті консулы Бенедикт Соботкамен кездесіп, оның барысында мәдени және сауда-экономикалық жобаларды ілгерілету бойынша екіжақты нақты іс-шаралар талқыланып, айқындалды. Кездесу қорытындысы бойынша 2022 жылға арналған бірлескен іс-шаралар жоспарына қол қойылды.

Қазақстан мен Люксембург саяси диалог пен экономикалық байланыстарды табысты дамытуда. Люксембург Премьер–министрі Ксавье Беттель Қазақстанға 2015, 2017 жылдары екі рет келді. Люксембургтің Қазақстан экономикасына тікелей инвестициясының ағыны 2021 жылдың соңғы 9 айында 171,5 млн. АҚШ долл. құрады. Екі ел арасындағы географиялық қашықтыққа қарамастан, мәдени байланыстар белсенді дамуда. Люксембургте фото-көрмелер өткізу, қазақстандық фильмдер көрсету және концерттер ұйымдастыру мәдени ынтымақтастықты нығайтуға  ықпал етеді.  2021 жылы "Әлем қазақстандық балалардың көзімен" тақырыбындағы мүмкіндігі шектеулі жас қазақстандықтардың шығармашылық жұмыстарының көрмесін ұйымдастыру және Люксембургте Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған пошта маркасын шығару сияқты мәдени жобалар айтарлықтай қызығушылық тудырды.  

Ынтымақтастықтың қазіргі әлеуеті елдеріміз арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени байланыстарды арттыруға жаңа мүмкіндіктер ашады.

Жан басына шаққандағы ЖІӨ деңгейі бойынша Люксембург әлемде бірінші орын алады. (Дүниежүзілік банкінің деректері бойынша 122,740 АҚШ доллары). Соңғы 40 жылда Люксембургтегі жұмыссыздық деңгейі Еуропадағы ең төменгі көрсеткішке ие. Тиімді бизнес жүргізетін елдер тізімінде Люксембург үздік үшінші орында тұр. Люксембург әлемдегі ең ірі қаржы және бизнес орталықтарының бірі болып табылады. Елде Еуропалық инвестициялық банктің штаб-пәтері орналасқан, сондай-ақ 150 басқа банктер жұмыс істейді.

29 маусымда Қазақстан мен Люксембург дипломатиялық қарым-қатынастардың орнағанына 30 жыл толады. Екі ел екіжақты ынтымақтастықты кеңейту және нығайту бағытында айтарлықтай қадамдар жасады.

Фотосурет ©2022 Maison du Grand-Duc меншігі болып табылады. Барлық құқықтар сақталған.