Қазақ музыкалық аспаптары Брюссельдегі музыкалық аспаптар мұражайының қорына сыйға тартылды

Қазақ музыкалық аспаптары Брюссельдегі музыкалық аспаптар мұражайының қорына сыйға тартылды

Брюссель, 2021 жылғы 29 маусым – Қазақстан Тәуелсіздігінің 30-жылдығын мерекелеу аясында және Елорда күні қарсаңында Қазақстанның Бельгиядағы Елшісі Марғұлан Баймұхан домбыра, қобыз және сыбызғы қазақ музыкалық аспаптарын Брюссельдегі музыкалық аспаптар мұражайына сыйға тартты. Аспаптар Қазақстан Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының қорынан ұсынылған.

Салтанатты рәсімінің арнайы қонақтары қатарында Бельгияның Қайта құру және ғылыми саясат жөніндегі мемлекеттік хатшысы Тома Дермин, Бельгия Сыртқы істер министрлігінің өкілдері, Бельгия Федералдық парламентінің депутаттары, сонымен қатар, Брюссельдің «БОЗАР» мәдени сарайының өкілдері болды.

Қазақстан Елшісі үш онжылдық ішінде Қазақстан мен Бельгия арасындағы ынтымақтастық көптеген салаларда, соның ішінде мәдениет саласында қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.

Бүгінгі таңда Брюссельдегі музыкалық аспаптар мұражайының коллекциясында Бельгиядан және әлемнің басқа елдерінен 10,000-ға жуық музыкалық аспаптар бар. Бұл әлемдегі ең ірі және бай коллекциялардың бірі. Бұдан былай экскурсия кезінде мұражайға келушілер домбыра, қобыз және сыбызғы үндерін ести алады.

Мемлекеттік хатшы Т.Дермин өз тарапынан барлық қазақстандықтарды ел Тәуелсіздігінің 30-жылдығымен құттықтай отырып, қазақстан тарапына Бельгия Корольдігінің музыкалық мұрасына қосқан зор үлесі үшін ризашылығын білдірді.

Бельгияның мемлекеттік хатшысы "енді Қазақстанның бай музыкалық мәдениеті Брюссельде таныстырылатын болады. Домбыра, қобыз және сыбызғы Бельгия Корольдік өнер және тарих музейлерінің мемлекеттік мұражай кешенінің тізіміне енгізіледі, сондай-ақ мұражайдың онлайн каталогы және «MIMO» музыкалық аспаптардың халықаралық базасы арқылы бүкіл әлемде қол жетімді болады", деді.

Домбыраның үнін Бельгия жұртшылығына естірту үшін Ә.Желдібайдың «Ерке сылқым»  композициясы орындалды және қобыз бен сыбызғы үнімен музыкалық бейнеклиптер көрсетілді.

Брюссельдің Музыкалық аспаптар мұражайы (MIM) 1876 жылы құрылған және Бельгия Корольдік өнер және тарих музейлерінің мемлекеттік мұражай кешеніне кіреді.