
Брюссель, 2026 жылғы 1 шілде – Бельгия Корольдігіндегі Қазақстан Республикасы Елшілігінде «Shanyraq Dialogue» пікірталас алаңы аясында Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының күшіне енуіне арналған «дөңгелек үстел» өтті.
Қазақстан Республикасының Бельгия Корольдігіндегі Елшісі Роман Василенко кіріспе сөзінде жаңа Конституцияның күшіне енуі елдің саяси жаңғыруының жаңа кезеңінің басталғанын білдіретін тарихи оқиға екенін атап өтті. Сонымен қатар ол Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Брюссельге ресми сапарының осы маңызды оқиғаның қарсаңында өтуі Қазақстандағы ішкі реформалар мен Еуропалық Одақпен стратегиялық әріптестіктің қатар дамып келе жатқанын айқын көрсететінін айтты.
Елші жаңа Конституция Қазақстандағы демократиялық институттар мен заң үстемдігін одан әрі нығайтуға, сондай-ақ Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы ынтымақтастықты кеңейтуге берік негіз қалайтынын атап өтті.
Іс-шараның негізгі спикері ретінде Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстандық стратегиялық зерттеулер институтының директоры Жандос Шаймарданов сөз сөйлеп, елдің жаңа конституциялық даму үлгісіне сараптамалық шолу жасады.
Ол Конституцияның күшіне енуі Қазақстанның саяси-құқықтық дамуының жаңа кезеңін білдіретінін атап өтті. Оның айтуынша, жаңартылған Ата Заң кең қоғамдық диалогтың нәтижесінде қабылданып, мемлекеттік басқару жүйесінің жаңа құрылымын ғана емес, сонымен қатар адамның құқықтары, бостандықтары мен қадір-қасиетін басты құндылық ретінде айқындайтын заманауи конституциялық қағидаттарды бекітеді.
Сондай-ақ Конституциялық жаңашылдықтарды іс жүзінде іске асыру, заңнаманы одан әрі жетілдіру және жүргізіліп жатқан реформалардың орнықтылығын қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Ж. Шаймарданов Конституцияның мемлекеттің азаматтар алдындағы жауапкершілігін күшейтетінін, әділеттілік, заң үстемдігі және қоғамдық келісім қағидаттарын бекітетінін, сондай-ақ адами капиталға, білім мен инновацияларға және цифрлық трансформацияға негізделген жаңа даму моделіне көшуді айқындайтынын атап өтті.
Іс-шара барысында қатысушылар конституциялық реформаларды іске асыру, Қазақстанның саяси жаңғыруының келешегі және Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелері бойынша мазмұнды пікір алмасты.
Атап айтқанда, Еуропалық одақтың Орталық Азия жөніндегі арнайы өкілі Эдуардс Стипрайс Қазақстанда жүргізіліп жатқан институционалдық реформаларды дәйекті түрде жүзеге асырудың маңыздылығын атап өтті. Өз кезегінде Еуропалық сыртқы әрекет қызметінің Орталық Азия басқармасының басшысы Дитмар Крисслер Мемлекет басшысының Брюссельге ресми сапары барысында мәлімделгендей, Еуропалық одақ Қазақстандағы саяси трансформация күн тәртібін қолдайтынын жеткізді.
Іс-шара қорытындысы бойынша қатысушылар «Shanyraq Dialogue» алаңы Қазақстан мен еуропалық әріптестер арасында елдің ішкі дамуы мен халықаралық ынтымақтастықтың өзекті мәселелері бойынша ашық әрі сындарлы сарапшылық диалогты дамытуға ықпал ететін тиімді алаң болып қала беретінін атап өтті.