Еуропалық Парламентте Қазақстан–ЕО ынтымақтастығы реформалар мен көлік байланыстылығы тұрғысынан талқыланды

Еуропалық Парламентте Қазақстан–ЕО ынтымақтастығы реформалар мен көлік байланыстылығы тұрғысынан талқыланды

Брюссель, 2026 жылғы 30 маусым – Қазақстан Республикасының Еуропалық одақ жанындағы Тұрақты өкілі Роман Василенко Еуропалық парламенттің Сыртқы істер комитетінің (AFET) төрағасы Дэвид Макаллистермен (Еуропалық халық партиясы) кездесу өткізді.

Кездесу барысында қазақстандық дипломат 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енетін Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы мемлекеттік басқарудың неғұрлым жүйелі әрі ұзақ мерзімді негізін қалыптастыратынын, құқықтық айқындықты арттырып, Қазақстанның, соның ішінде Еуропалық одақпен ынтымақтастық аясындағы, сенімді әріптес ретіндегі болжамдылығын күшейтетінін атап өтті.

Өз кезегінде Д. Макаллистер елімізде жүзеге асырылып жатқан жүйелі реформалардың маңызын ерекше атап өтіп, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жуырдағы Брюссельге жасаған ресми сапарының қорытындысы бойынша Қазақстан мен ЕО арасындағы стратегиялық әріптестіктің жаңа сапалы деңгейге көтерілгенін құптады.

Сонымен бірге, Елші Р. Василенко Транскаспий халықаралық көлік бағдарын («Орта дәлізді») дамыту мәселесіне арналған «дөңгелек үстелдің» жұмысына қатысты. Іс-шара Еуропалық Парламенттің Заң мәселелері жөніндегі комитетінің төрағасы Илхан Кючюктің («Еуропаны жаңарту» фракциясы) қолдауымен ұйымдастырылды.

Еуропалық одақ институттарының, дипломатиялық корпустың, халықаралық ұйымдардың, Брюссельдің академиялық және іскерлік қауымдастықтарының өкілдері «Орта дәліздің» Орталық Азия мен Еуропа арасындағы көлік байланысын нығайтудағы стратегиялық маңызы артып келе жатқанын және оны одан әрі дамыту екі өңір арасындағы ынтымақтастықтың негізгі бағыттарының біріне айналғанын растады.

Іс-шараның ашылуында сөз сөйлеген Р. Василенко Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Брюссельге жасаған ресми сапары барысында Қазақстан мен ЕО басшылары Транскаспий халықаралық көлік бағдарының стратегиялық маңызын ерекше атап өтіп, Еуропалық одақтың «Жаһандық қақпа» (Global Gateway) стратегиясы аясындағы ынтымақтастықты тереңдетуді құптағанын еске салды. Келіссөздер нәтижесінде қол жеткізген уағдаластықтар тараптардың көлік байланыстылығын дамытуға, атап айтқанда, «Орта дәлізді», орнықты жеткізу тізбектерін және заманауи көлік инфрақұрылымын дамытуға ортақ мүдделі екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Кездесуде көлік үдерістерін цифрландыру мәселелеріне де ерекше назар аударылды. Заманауи цифрлық шешімдерді енгізу және кедендік әкімшілендіруді жетілдіру нәтижесінде «Орта дәліз» арқылы жүк жеткізу мерзімі едәуір қысқарып, бұл бағыттың тиімділігі, бәсекеге қабілеттілігі және халықаралық тасымалдаушылар үшін тартымдылығы артқаны атап өтілді.

Қазақстан Елшісі «Орта дәліздің» табысы Орталық Азия, Оңтүстік Кавказ елдері мен Еуропалық одақтың бірлескен жұмысының нәтижесі екенін ерекше атап өтті. Оның айтуынша, бұл бағыттың дамуы жеке бір мемлекеттің жетістігі емес, өңірлік ынтымақтастықтың, бірлескен инвестициялардың және ортақ жауапкершіліктің жемісі. «Орталық Азия елдері бірлесе әрекет еткенде, барлығы ұтады», – деді Р. Василенко. Оның пікірінше, дәл осындай өңірлік ықпалдастық Орталық Азияны Азия мен Еуропаны жалғайтын сенімді көлік-логистикалық көпірге айналдырады.

Өз кезегінде Еуропалық одақтың Орталық Азия жөніндегі арнайы өкілі Эдуардс Стипрайс Еуропалық одақ үшін Орталық Азия өңірінің, әсіресе көлік байланыстылығы, энергетика, аса маңызды шикізат ресурстары, цифрлық инфрақұрылым және өңірлік тұрақтылықты қамтамасыз ету салаларындағы стратегиялық маңызы артып келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, осы факторлардың үйлесімі Орталық Азияның еуропалық бизнес үшін инвестициялық тартымдылығын күшейтуде.

Еуропалық Парламент депутаты Катарина Неведалова Орталық Азия мемлекеттері арасындағы тығыз әрі нәтижелі ынтымақтастықты, сондай-ақ 2025 жылғы сәуірде Самарқандта өткен «Орталық Азия – Еуропалық одақ» саммитінің қорытындысында қол жеткізілген келісімдерді жоғары бағалады. «Орталық Азия өңірі Еуропалық одақ үшін стратегиялық маңызға ие. Сондықтан өзара байланыстарды нығайту қажет, өйткені бірлесе жұмыс істегенде ғана біз мықты серіктеске айналамыз», – деді еуродепутат.

Бельгияның Қазақстандағы бұрынғы елшісі Анри Вантигем Бельгияда және жалпы Еуропалық одақта Орталық Азияның маңызын түсіну деңгейі артып келе жатқанын айтты. Оның пікірінше, «Орта дәліз» теңіз бағыттарына қарағанда экологиялық тұрғыдан анағұрлым тиімді жаңа Жібек жолына айналып келеді және өңір елдеріне өзара ынтымақтастықты кеңейтуге зор мүмкіндік береді.

«Өңір елдері экономикалық, саяси және әлеуметтік даму тұрғысынан айтарлықтай табысқа қол жеткізіп отыр. Қоғамды демократияландыру үдерісі жалғасуда, заң үстемдігі, әсіресе инвестициялар саласында нығайып келеді. Сондықтан еуропалық бизнес Орталық Азияға келіп, жаңа мүмкіндіктерді іздеуі қажет», – деді ол.

Кездесу қорытындысында қатысушылар «Орта дәліздің» тек маңызды халықаралық көлік бағыты ғана емес, сонымен қатар экономикалық байланыстарды нығайтудың, жаһандық жеткізу тізбектерінің орнықтылығын арттырудың, энергетикалық ынтымақтастықты дамытудың және Орталық Азия мен Еуропалық одақ арасындағы әріптестікті тереңдетудің стратегиялық платформасына айналып келе жатқаны жөнінде ортақ пікірге келді.