Еуропарламент Қазақстан Президентінің Брюссельге сапарының қорытындыларын құптап, қол жеткізілген уағдаластықтарды қолдайтынын растады

Еуропарламент Қазақстан Президентінің Брюссельге сапарының қорытындыларын құптап, қол жеткізілген уағдаластықтарды қолдайтынын растады

2026 жылғы 25 маусым, Брюссель қаласы – Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Брюссельге жасаған ресми сапары аяқталғаннан кейін Қазақстанның Еуропалық одақ жанындағы Тұрақты өкілдігі Еуропалық парламентте сапар қорытындылары мен Қазақстан–ЕО стратегиялық әріптестігінің даму перспективаларын талқылауға арналған бірқатар іс-шара өткізді.

Қазақстан Республикасының Еуропалық одақ жанындағы Тұрақты өкілі Роман Василенко Еуропалық парламенттің Орталық Азиямен байланыстар жөніндегі делегациясының (DCAS) төрайымы Джузи Принчимен кездесті.
Дж. Принчи қол жеткізілген келісімдерді жоғары бағалап, Қазақстан мен ЕО арасындағы қатынастардың стратегиялық әріптестіктің жаңа деңгейіне көтерілгенін атап өтті. Ол визалық режимді жеңілдету және реадмиссия туралы келісімдер бойынша келіссөздердің аяқталғанын құптап, аталған уағдаластықтарға Еуропалық парламенттің қолдау білдіретінін растады.

Сонымен қатар, Қазақстан Елшісі Еуропалық парламенттің Орталық Азиямен байланыстар жөніндегі делегациясы депутаттары үшін арнайы брифинг өткізді. Брифинг барысында Қазақстан Президентінің Еуропалық кеңестің президенті Антониу Кошта және Еуропалық комиссияның президенті Урсула фон дер Ляйенмен жүргізген келіссөздерінің нәтижелері таныстырылды. Тараптардың Кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісімді іске асыруға, сондай-ақ көлік, энергетика, аса маңызды шикізат материалдары, цифрлық трансформация және жаңа технологиялар салаларындағы ынтымақтастықты дамытуға өзара бейілділігін растағаны атап өтілді.

Сапардың практикалық нәтижелеріне ерекше назар аударылды. Олардың қатарында жалпы құны 12 миллиард АҚШ долларынан асатын 30-дан астам коммерциялық келісімге қол қою, көлік және логистикалық инфрақұрылымды дамыту, аса маңызды шикізат материалдары саласындағы ынтымақтастық және еуропалық қаржы институттарымен өзара іс-қимылды кеңейту мәселелері бар.

Сондай-ақ сапардың гуманитарлық нәтижелері, атап айтқанда визалық режимді жеңілдету және реадмиссия туралы келісімдер бойынша келіссөздердің аяқталуы, сондай-ақ Қазақстан мен ЕО арасындағы Әуе қатынасы жөніндегі келісімге қол қойылуы таныстырылды.

Пікірталас барысында Еуропалық парламент депутаттары Транскаспий халықаралық көлік бағдарының («Орта дәліздің») маңызын атап өтіп, Қазақстанда жүргізіліп жатқан демократиялық реформалардың мәніне тоқталды.

25 маусым күні Қазақстанның Тұрақты өкілдігінің қолдауымен Еуропалық халық партиясы (EPP) өкілдері ұйымдастырған «Қазақстан және Еуропалық одақ: стратегиялық әріптестіктің жаңа тарауын қалыптастыру» атты дөңгелек үстел өтті. Іс-шараның бастамашылары Еуропалық парламент Бюросының мүшесі Андрей Ковачев пен DCAS мүшесі Томаш Здеховски болды.

Іс-шараға дипломатиялық корпус, бизнес қауымдастығы, сарапшылар мен талдау орталықтарының өкілдері қатысты. Жобаны «Diplomatic World» ұйымының жобалар директоры Альберто Тюркстра жүргізді. Спикерлер қатарында Елші Роман Василенко, Еуропалық парламенттің «Евронест» парламенттік ассамблеясындағы делегациясының төрағасы Сергей Лагодинский, Лилль католиктік университетінің профессоры Оливье Арифон, «Brussels Energy Club» президенті Марат Тертеров және «Marie Curie» ЕО бағдарламасының ғылыми қызметкері Маурицио Герри болды.

Іс-шараны аша отырып, Андрей Ковачев Қазақстанның Орталық Азиядағы Еуропалық одақтың негізгі серіктесі ретіндегі маңызын атап өтті. Ол Қазақстанның Еуропаның экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз етудегі, энергетикалық қауіпсіздігін нығайтудағы және «жасыл» трансформация мақсаттарын іске асырудағы рөлінің артып келе жатқанын ерекше атап көрсетті.

Сергей Лагодинский көлік және цифрлық байланыстылық салаларындағы бірлескен жобалардың жүзеге асырылуын құптады. Қатысушылар энергетика, көлік, аса маңызды шикізат материалдары, өңірлік қауіпсіздік және Қазақстанның саяси жаңғыруы бағыттарындағы ынтымақтастық перспективаларын талқылады.

Бұдан бөлек, іс-шаралар аясында Роман Василенко Еуропалық парламенттің президенті Роберта Метсоламен қысқаша кездесу өткізді.

Тараптар сапар қорытындылары мен парламентаралық ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелерін талқылады. Р. Метсола Еуропалық парламентте өткен іс-шараларды құптап, Қазақстанмен өзара іс-қимылды одан әрі нығайтуға мүдделі екенін растады.

Іс-шаралар қорытындысы бойынша Еуропалық парламент депутаттары Қазақстан Президентінің Брюссельдегі келіссөздерінің нәтижелерін жоғары бағалады. Олар екіжақты ынтымақтастықтың стратегиялық әріптестік деңгейіне көтерілгенін құптап, визалық режимді жеңілдету және реадмиссия туралы келісімдер бойынша келіссөздердің аяқталуын қолдады. Сондай-ақ Еуропалық парламент тарапынан тиісті рәсімдерді ілгерілетуге жәрдем көрсетуге дайын екендіктерін растады.