
Брюссель, 2026 жылғы 29 сәуір – Қазақстан Республикасының Еуропалық Одақ жанындағы Елшісі Роман Василенко «Орта дәліздің тұрақты дамуы: стратегиялық үйлестіруден экономикалық тұрғыдан тиімді іске асыруға дейін» тақырыбындағы дөңгелек үстелге қатысты.
Іс-шара Азия зерттеулері жөніндегі Еуропалық институтының алаңында «Kazakhstan – EU Gateway» платформасы мен «FERRMED» теміржол тасымалдаушылары қауымдастығының қолдауымен Брюссель қаласында өтті.
Дөңгелек үстелге Еуропалық Комиссиясының Халықаралық әріптестіктер жөніндегі Бас директоратының басшылығы, Еуропалық Парламенттінің депутаттары, сондай-ақ салалық ұйымдардың өкілдері (соның ішінде, «Автомобиль көлігінің халықаралық одағы», «Еуропалық жүк жөнелтушілер кеңесі», «Көлік басқару жөніндегі кеңесшілер мен сарапшылар қауымдастығы»), сондай-ақ Қазақстанның («Кедентранссервис» АҚ) және Германияның («Rhenus Group») логистикалық компаниялары қатысты.
Қатысушылар «Орта дәліз» ретінде белгілі – Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойындағы инфрақұрылымды дамыту және сауда-қаржылық операцияларды жетілдіру барысында «жасыл» технологиялар мен цифрлық құралдарды қолдану мәселелерін талқылады.
Өз сөзінде Р. Василенко Қазақстан «Орта дәлізді» дамытуды Еуропа мен Азия арасындағы байланысты нығайтудың, экономиканы әртараптандырудың және Еуропалық Одақпен ынтымақтастықты тереңдетудің негізгі басымдықтарының бірі ретінде қарастыратынын атап өтті. Ерекше назар «жасыл логистикаға» – көлікті көміртексіздендіруге, теміржолдарды электрлендіруге, үдерістерді цифрландыруға және климаттық тәуекелдерге төзімді инфрақұрылым қалыптастыруға аударылады.
Қазақстандық дипломат бірқатар нақты мысалдар келтірді, соның ішінде «Мойынты – Қызылжар» жаңа теміржол желісі жобасы. Оның іске асырылуы бағытты 150 шақырымға қысқартып, транзит уақытын, энергия тұтынуды және шығарындыларды азайтады. Қазақстан сондай-ақ Әзербайжан және Грузия елдерімен бірлесіп «Middle Corridor Multimodal Ltd» атты мультимодальды тасымал операторы бірлескен кәсіпорнын құрды. Бұл құрылым жүк операцияларын үйлестіруге және цифрлық шешімдерді енгізуге бағытталған.
Елші Еуропаға таза энергия жеткізуге арналған «жасыл дәлізді» дамытуға ерекше мән берілетінін атап өтті. Ол Қазақстан, Әзербайжан және Өзбекстан Орталық Азиядан Оңтүстік Кавказ арқылы Еуропаға «жасыл» энергия өндіру және жеткізу саласындағы стратегиялық әріптестік туралы келісімге қол қойғанын еске салды.
Жалпы алғанда, әлемдегі геосаяси жағдайдың ушығуы аясында дөңгелек үстелге қатысушылар «Орта дәліздің» тұрақты әрі тиімді дамуының маңыздылығы жөнінде ортақ пікір білдірді. Бұл өз кезегінде ЕО, Қазақстан және тұтастай Орталық Азия арасындағы стратегиялық әріптестікті тереңдетуге ықпал етеді.