Қазақстан мен Валлония экономиканың негізгі салаларында әріптестікті нығайтуда

Қазақстан мен Валлония экономиканың негізгі салаларында әріптестікті нығайтуда

Брюссель, 2026 жылғы 16 сәуір – Қазақстанның Бельгиядағы Елшісі Роман Василенко Валлонияның сыртқы сауда және инвестициялар агенттігінің (AWEX) және Валлония-Брюссель халықаралық ынтымақтастық агенттігінің (WBI) Бас директоры Паскаль Делькоминеттпен кездесу өткізді.

Тараптар Қазақстан мен Бельгияның екі өңірі арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту перспективаларын талқылады. Әсіресе, сыни минералдар мен металлургия, мұнай-химия саласы, ауыл шаруашылығы және агротехнологиялар, логистика және Транскаспий халықаралық көлік бағытын (Орта дәліз) дамыту, цифрландыру және жасанды интеллект, «жасыл» энергетика, сондай-ақ ғылым, білім және инновациялар сияқты басым бағыттарға ерекше назар аударылды.

Елші Қазақстанның Еуропалық одақ пен Бельгия үшін сенімді әріптес болып қала беретінін атап өтті. Ел экономикасын әртараптандыруға және инвестиция тартуға бағытталған реформалар жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Сонымен қатар, Қазақстанның жаһандық ресурстық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі маңызды рөлі ерекше атап өтілді, себебі еліміз уран өндіру және экспорттау бойынша әлемде жетекші орынға ие және стратегиялық маңызды шикізат жеткізушісі болып табылады.

Өнеркәсіптік кооперацияны дамыту және қосылған құн тізбектерін қалыптастыру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Қазақстан металлургия, химия өнеркәсібі, фармацевтика және инженерлік шешімдер салаларында озық технологиялар мен тәжірибеге ие валлон компанияларын тартуға мүдделі. Сонымен қатар, тараптар цифрлық трансформация, жасанды интеллектті дамыту және «жасыл» көшу мәселелерін, соның ішінде жаңартылатын энергия көздері саласындағы жобаларды талқылады.

П. Делькоминетт атап өткендей, Қазақстан мен Валлония арасындағы өзара сауда қарқынды өсіп келеді, алайда оның одан әрі ұлғаюы және сапалық тұрғыдан кеңеюі үшін елеулі әлеуеті сақталуда.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар іскерлік қауымдастықтар арасындағы тікелей байланыстарды дамытудың маңыздылығын атап өтті. Бұл ретте валлон компанияларының қатысуымен іскерлік миссиялар, салалық форумдар және B2B кездесулерін ұйымдастыру, сондай-ақ ынтымақтастықты ілгерілетудегі AWEX агенттігінің негізгі рөлі ерекше атап өтілді.

Валлония Бельгиядағы Фландриядан кейінгі екінші ірі экономика болып табылады және елдің өнеркәсіптік әрі экспорттық құрылымында маңызды рөл атқарады. Өңірдің ЖІӨ 2024 жылы 150 млрд еуроны құрады. Негізгі салаларға фармацевтика өнеркәсібі, тау-кен өндірісі, резеңке және пластмасса бұйымдарын өндіру, электр жабдықтарын өндіру, сондай-ақ металлургия және металл бұйымдарын шығару жатады. Өңір биотехнология, медициналық технологиялар және «жасыл» өнеркәсіп сияқты инновациялық бағыттарды белсенді дамытып келеді.