
Брюссель, 2026 жылғы 15 наурыз — Қазақстан Республикасының Бельгия Корольдігіндегі Елшілігі жанындағы №405 референдум учаскесінде жаңа Конституция жобасы бойынша республикалық референдум аясында дауыс беру өтті.
Учаске жергілікті уақыт бойынша сағат 07:00-ден 20:00-ге дейін жұмыс істеді. Күн бойы Бельгияда тұратын немесе уақытша жүрген Қазақстан азаматтары Елшілікке келіп, өздерінің конституциялық құқықтарын жүзеге асырып, қаралып отырған мәселе бойынша өз таңдауларын жасады.
Дауыс бергендердің басым бөлігін студенттер, Бельгияда жұмыс істейтін немесе білім алып жүрген отандастар мен олардың отбасы мүшелері құрады. Олардың қатарында халықаралық ұйымдарда, дипломатиялық миссияда және жеке компанияларда қызмет ететін азаматтарымыз да бар.
Жеке себептермен учаскеге келе алмаған азаматтар үшін алдын ала берілген өтініштер негізінде жылжымалы дауыс беру жәшігі ұйымдастырылды.
Референдум учаскесінде барлық рәсімдер талаптарға сәйкес өткізілді.