
Люксембург, 2026 жылғы 12 наурыз – Люксембургке жұмыс сапары аясында Елші Роман Василенко елдің заң шығарушы және атқарушы билік өкілдерімен, Еуропалық инвестициялық банкпен (ЕИБ) және іскер топтармен бірқатар кездесулер өткізді.
Люксембургтің Сыртқы және еуропалық істер министрлігінің Саяси директоры Вероника Докендорфпен кездесу барысында екіжақты күн тәртібінің өзекті мәселелері, сондай-ақ Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы өзара іс-қимыл талқыланды. Тараптар саяси және сауда-экономикалық ынтымақтастықты жандандыру, халықаралық ұйымдар мен институттар аясында өзара қолдау көрсету, сондай-ақ биыл кезекті сыртқы істер министрліктері арасындағы консультацияларды өткізу,«Қазақстан – Люксембург» Іскерлік кеңесін құру мүмкіндігі және Люксембургте Қазақстан мәдениеті күндерін ұйымдастыру мәселелерін талқылады.
Жұмыс бағдарламасы аясында Елші Люксембург Премьер-министрінің дипломатиялық кеңесшісі Ясуко Мюллермен де кездесу өткізді. Тараптар қазіргі халықаралық жағдай жөнінде пікір алмасып, энергетика мәселелері мен екіжақты және көпжақты форматтардағы өзара іс-қимыл жолдарын талқылады.
Сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту перспективалары Люксембург Сауда-өнеркәсіп палатасының халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры Синди Теребамен кездесуде қаралды. Кездесу барысында қаржы, логистика, инновациялар және цифрлық экономика салаларындағы әріптестікті дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Сондай-ақ 2026 жылғы қазанда Люксембург компанияларының Қазақстанға сауда миссиясын ұйымдастыру жоспарлары талқыланды.
Сонымен қатар Елші Еуропалық инвестициялық банктің халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры Турайя Трикимен және ЕИБ-тің Орталық Азия бойынша менеджері Давид Монгуззимен кездесті. Кездесу барысында ЕИБ-тің Қазақстанда автомобиль жолдарын салу, көлік инфрақұрылымын дамыту, сирек жер металдары саласындағы жобаларды қаржыландыру мүмкіндіктері, сондай-ақ тиісті жобаларға инвестициялар тарту үшін практикалық үйлестіру жолдары талқыланды.
Сондай-ақ, Eurasian Resources Group өкілдерімен кездесу өткен барысында инвестициялық ынтымақтастық перспективалары мен бірлескен жобаларды іске асыру мәселелері талқыланды.