
Брюссель, 05.03.2026 ж. – Бельгиядағы Қазақстан Республикасының Елшілігінде Елші Роман Василенконың өңірлік қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен кездесуі өтті. Кездесуге Брюссельге біліктілікті арттыру курстарынан өту үшін келген «QazaqToday» ақпарат агенттігінің (Алматы), «Жетісу» радиосының (Талдықорған), «Қостанай таңы» газетінің (Қостанай), «Қызылжар-Ақпарат» медиахолдингінің (Петропавл), «Turkistan Media Holding» (Түркістан), сондай-ақ «Алматы Телеарнасы» (Алматы) телеарнасының өкілдері қатысты. Делегацияны Түркітілдес журналистер қорының президенті Нәзия Жоямергенқызы бастап келді.
Елші Елшіліктің қызметіндегі басым бағыттар туралы айтып, Қазақстанның Бельгия және Люксембургпен ынтымақтастығын дамыту, Еуропалық одақпен өзара іс-қимыл, сондай-ақ Қазақстанның НАТО жанындағы қызметі жөнінде ақпарат берді.
«Еуропалық одақ Қазақстанның ең ірі сауда және инвестициялық серіктесі болып қала береді. Еуропалық инвестициялардың Қазақстан экономикасына салынған жалпы көлемі 200 млрд доллардан асты, ал Қазақстан ЕО-ға импортталатын мұнайдың шамамен 13%-ын қамтамасыз етеді», – деп атап өтті Р. Василенко.
Оның айтуынша, ынтымақтастық көлік саласында, оның ішінде Транскаспий халықаралық көлік бағыты аясында белсенді дамып келеді. Сонымен қатар жаңа бағыттар – сыни шикізат материалдары, жасыл энергетика және цифрландыру салаларында да серіктестік нығайып отыр. Қазақстан мен Еуропалық одақ арасында визалық режимді жеңілдету туралы келісім бойынша келіссөздер жалғасуда.
Сондай-ақ Қазақстан-Бельгия қатынастарының оң серпіні ерекше атап өтілді. Қазақстанда Ahlers, Sarens, Carmeuse, Solvay және Jan De Nul бельгиялық компаниялары жұмыс істейді. 2026 жылғы қаңтарда Брюссельде Қазақстанның мәдени орталығы өз жұмысын бастады.
Кездесу соңында Елші БАҚ өкілдеріне Қазақстанның халықаралық қызметіне танытқан қызығушылығы үшін алғыс білдіріп, журналистердің елдің Еуропамен ынтымақтастығын объективті түрде жариялаудағы маңызды рөлін атап өтті.