Брюссельде Қазақстанның туристік әлеуеті таныстырылды

Брюссельде Қазақстанның туристік әлеуеті таныстырылды

2026 жылғы 27 ақпан – Қазақстанның Бельгиядағы Елшілігінде Қазақстанның туристік әлеуетіне арналған презентация өтті. Іс-шараға Бельгияның 20 астам туристік компаниялары және Алматы қаласынан келген қазақстандық туроператорлардың өкілдері қатысты. Кездесудің мақсаты – тікелей іскерлік байланыстар орнату және алдағы маусымдарда Қазақстанды бельгиялық туристік ұсыныстарына енгізу.

Презентация «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясының, «Turkish Airlines» Брюссельдегі өкілі Амина Көктен және Бельгиядағы «Kazakh Tourism» елшісі Дерия Сойсалдың қолдауымен өтті. Бағдарлама аясында туроператорлар арасында B2B кездесулер мен мазмұнды келіссөздер ұйымдастырылды.

Іс-шараның ашылуында сөз сөйлеген Қазақстанның Бельгиядағы Елшісі Роман Василенко: «Бүгінгі кездесу нақты практикалық сипатқа ие. Біз еліміздің бельгиялық туроператорлар каталогтарында тұрақты бағыт ретінде ұсынылуына мүдделіміз. Мақсатымыз Бенилюкс туризм нарығында орнықты, ұзақ мерзімді әріптестік қалыптастыру», - деп атап өтті.

Қазақстан тарапы экологиялық, мәдени-танымдық туризм бағыттары бойынша маршруттарды, сондай-ақ премиум санаттағы шағын топтар мен жеке саяхатшыларға арналған ұсыныстарды таныстырды. Авторлық бағдарламаларға, табиғи бағыттарға және біріктірілген тур мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылды.

2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанға шамамен 6 200 Бельгия азаматы барған, бұл 2024 жылмен салыстырғанда 15 пайызға артық. Оң динамика бельгиялық нарықтың Қазақстанға деген қызығушылығының артып келе жатқанын көрсетеді.

«Kazakh Tourism» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Талғат Ғазизов атап өткендей: «Біз еуропалық нарық тарапынан табиғи және мәдени әлеуеті бірегей жаңа бағыттарға деген тұрақты қызығушылықты байқап отырмыз. Біздің міндетіміз — жоғары сапалы туристік өнім ұсыну және Қазақстанды еуропалық туристік нарықтың жаңа сегменттеріне шығару барысында серіктестерімізге кәсіби қолдау көрсету».

Қазақстанға деген қосымша қызығушылық халықаралық медиажобалар арқылы да күшейіп келеді. Француздық «Pekin Express: Мұзды жол» телешоуының жаңа маусымы еліміздің бірнеше өңірінде түсіріліп, прайм-таймда көрсетілуде және қазірдің өзінде 3 миллионнан астам көрермен жинады.

Презентация қорытындысы бойынша тараптар диалогты жалғастыруға және еуропалық саяхатшылардың сұранысына бейімделген бірлескен туристік өнімдерді әзірлеуге мүдделілік білдірді.