
2026 жылғы 24 ақпан, Брюссель – Орталық Азия елдері мен Моңғолия елшілерімен бірлесіп, Қазақстанның Еуропалық Одақ жанындағы Тұрақты өкілі Роман Василенко Паскаль Аримонтпен кездесті.
П. Аримонт – Бельгиядағы неміс тілді қауымдастықтың Еуропарламенттегі жалғыз өкілі. Неміс тілді қауымдастық француз және фламанд қауымдастықтарымен қатар елдегі үш ресми тілдік қауымдастықтың бірі болып табылады.
Кездесу барысында Орталық Азия мен Еуропалық Одақ арасындағы парламентаралық ынтымақтастықты нығайту мәселелері, сондай-ақ ұсынылған елдердің Бельгиямен және, атап айтқанда, жоғары технологиялық дамуымен әрі өмір сүру деңгейінің жоғарылығымен танымал неміс тілді қауымдастықпен ынтымақтастығы талқыланды. Елші Р. Василенко Еуропарламент депутатын Қазақстанның жаңа Конституциясы жобасы бойынша алдағы референдум туралы хабардар етіп, оны Бельгиядағы реформалармен салыстырды. Бұл реформалар аясында бұрын Парламент Сенатын тарату туралы шешім қабылданған болатын.
Сондай-ақ Қазақстандағы этникалық немістердің белсенді қызметі үшін жасалған қолайлы мәдени және әлеуметтік-экономикалық жағдайларға ерекше назар аударылды. Дипломат олардың ата-бабаларының өткен кезеңде елге күштеп қоныс аударылған тағдыры туралы айтып, қазіргі таңда неміс қауымдастығы Қазақстанның көпұлтты халқының құрамында бейбітшілік пен келісімде өмір сүріп, өсіп-өркендеп отырғанын атап өтті.
Кездесу Қазақстандағы Алғыс айту күні қарсаңында өтіп, талқылауға ерекше символикалық мән берді.