Қазақстан мен Гент университеті арасындағы академиялық диалог жаңа деңгейге көтерілуде

Қазақстан мен Гент университеті арасындағы академиялық диалог жаңа деңгейге көтерілуде

Гент, 2026 жылғы 23 ақпан – Қазақстанның Бельгиядағы Елшісі Роман Василенко Гент университетінің (UGhent) ректоры Петра де Суттермен кездесу өткізді. Тараптар жоғары білім беру, ғылыми зерттеулер және академиялық ұтқырлық салаларындағы ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі мен оны кеңейту перспективаларын талқылады.

Р.Василенко Қазақстанның ашық әрі халықаралық деңгейде ықпалдасқан білім беру экожүйесін дәйекті түрде қалыптастырып жатқанын, өзін Орталық Азиядағы өңірлік академиялық хаб ретінде орнықтыруға ұмтылатынын атап өтті. Қазіргі таңда елде шетелдік университеттердің шамамен 40 филиалы жұмыс істейді, соның ішінде қос диплом бағдарламалары да бар. Қазақстандық жоғары оқу орындарында 35 мыңнан астам шетелдік студент білім алуда, ал 2029 жылға қарай олардың санын 150 мыңға жеткізу жоспарланған.

Қазақстанда жүргізіліп жатқан ауқымды саяси және институционалдық реформаларға ерекше назар аударылды. Қазіргі уақытта заң үстемдігін нығайтуға, мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртуға және азаматтардың қоғамдық-саяси өмірге қатысуын кеңейтуге бағытталған кешенді конституциялық реформа жүзеге асырылуда. Жаңартылған Конституция жобасы бойынша түпкілікті шешім 2026 жылғы 15 наурызға белгіленген жалпыұлттық референдумда қабылданады.

Р.Василенко ғылымды, технологияларды және адами капиталды дамыту Қазақстан үшін орнықты даму мен халықаралық ынтымақтастықтың негізгі элементі болып саналатынын атап өтіп, бұл жетекші еуропалық университеттермен өзара іс-қимылға қосымша мүмкіндіктер ашатынын айтты. Қазақстан мен UGhent арасындағы ынтымақтастықтың нақты негізі қалыптасқан. М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті UGhent-тің биоинженерлік технологиялар факультетімен ғылым және мамандар даярлау бағытында өзара әрекеттесуде. Алты қазақстандық зерттеуші Гент университетінде ғылыми тағылымдамадан өтті, ал екі PhD маманы Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде ғылыми-педагогикалық қызметін жалғастыруда. Гент университеті сондай-ақ Назарбаев Университетімен, С.Демирель атындағы университетпен және ҚР ҒЖБМ Ғылым комитетінің Математика және математикалық модельдеу институтымен белсенді ынтымақтастық орнатқан.

Академиялық алмасулармен шектелмей, ынтымақтастықты бірлескен зерттеулер, PhD бағдарламаларына бірлесіп жетекшілік ету, сондай-ақ биотехнология, аграрлық ғылымдар, жасанды интеллект және цифрландыру салаларындағы инновациялық жобаларды іске асыру бағытында кеңейтуге өзара қызығушылық білдірілді.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар академиялық ұтқырлықты дамыту, жаңа білім беру бағдарламаларын іске қосу және ғылыми-зерттеу ынтымақтастығын кеңейту жөніндегі бірлескен жұмысты жандандыруға дайын екендерін білдірді, сондай-ақ алдағы екіжақты сапарлар мен іс-шаралар аясында Гент университетінің академиялық бастамаларға қатысу мүмкіндігін қарастырды.

1817 жылы құрылган UGhent Бельгияның жетекші зерттеу университеттерінің бірі болып табылады және гуманитарлық ғылымдар, инженерия, жаратылыстану және қолданбалы пәндер салаларында күшті ғылыми әлеуетке, сондай-ақ кең халықаралық серіктестік желісіне ие. Университет тәжірибеге бағытталған зерттеулерге басымдық береді және жаһандық ғылыми-білім беру жобаларына белсенді қатысады. Университетте 41 000-нан астам студент пен 9 000 қызметкер бар. Барлық бакалавриат бағдарламалары нидерланд тілінде жүргізіледі, ал магистратурада бірқатар бағдарламалар ағылшын тілінде де ұсынылады. 2025 жылғы қарашада UGhent делегациясының Қазақстанға сапары өтті. Оның барысында Алматы мен Астанадағы университеттермен кездесулер ұйымдастырылып, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігімен келіссөздер жүргізілді. Бұл сапар екіжақты академиялық диалогтың дамуына қосымша серпін берді. Делегация құрамына жасыл энергетика, дәлме-дәл егіншілік, агроэкономика, тағам технологиялары, өсімдік селекциясы, жасанды интеллект, экономика және әлеуметтік ғылымдар салаларындағы зерттеушілер кірді.