Қазақстан мен Льеж: өнеркәсіп, логистика және инновациялар өңірлік диалогтың өзегінде

Қазақстан мен Льеж: өнеркәсіп, логистика  және инновациялар өңірлік диалогтың өзегінде

Льеж, 2026 жылғы 3 ақпан – Льеж провинциясына жұмыс сапары аясында Қазақстан Республикасының Бельгия Корольдігіндегі Елшісі Роман Василенко Льеж провинциясының губернаторы Эрве Жамармен кездесу өткізді.

Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Льеж провинциясы арасындағы ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі мен даму перспективаларын талқылап, сауда-экономикалық, өнеркәсіптік, логистикалық, ғылыми-білім беру және инновациялық салалардағы өзара іс-қимылды кеңейту мүмкіндіктеріне ерекше назар аударды.

Елші Қазақстанда Льеж провинциясын дамыған өнеркәсіптік базасы, заманауи логистикалық инфрақұрылымы және қуатты ғылыми-зерттеу экожүйесі бар маңызды еуропалық серіктес ретінде қарастыратынын атап өтті. Осы тұрғыда экономикалардың өзара толықтыруына және өңірлер арасындағы практикалық өзара іс-қимылға негізделген ұзақ мерзімді, жобалық әріптестіктерді дамытуға Қазақстанның мүдделілігі баса көрсетілді.

Келіссөздер барысында логистика мен көлік мәселелеріне, соның ішінде мультимодальды тасымалдарды, әуе жүк қатынасын дамыту және еуразиялық көлік бағыттарын еуропалық логистикалық хабтармен ықпалдастыру әлеуетіне ерекше көңіл бөлінді. Өнеркәсіптік жаңғырту, металлургия, инженерлік шешімдер, сондай-ақ энергетикалық өтпелі кезең мен «жасыл» технологияларды енгізу салаларындағы ынтымақтастықтың перспективалылығы атап өтілді.

Білім беру, ғылым және инновациялар талқылаудың жеке бағытына айналды. Тараптар Қазақстан мен Льеж провинциясының университеттері мен ғылыми орталықтары арасында, соның ішінде инженерия, қолданбалы ғылымдар, агротехнологиялар және аэроғарыштық зерттеулер салаларында ынтымақтастықты дамытуға өзара қызығушылық білдірді.

Кездесудің барысында Р.Василенко сұхбаттасушыны Қазақстан Республикасында жүзеге асырылып жатқан ауқымды саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалардың барысы туралы жан-жақты хабардар етті. Соңғы Ұлттық құрылтай отырысының қорытындыларына ерекше тоқталып, онда мемлекеттік басқаруды жаңғыртудың, демократиялық институттарды нығайтудың және елдің тұрақты дамуының негізгі басымдықтары айқындалғаны атап өтілді. Сондай-ақ Қазақстанда талқыланып жатқан жаңа Конституция жобасы жөнінде пікір алмасу өтіп, оның құқық үстемдігін одан әрі нығайтуға, азаматтардың қоғамдық-саяси өмірге қатысуын кеңейтуге және мемлекеттік институттардың тиімділігін арттыруға бағытталғаны айтылды.

Губернатор Э. Жамар Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформаларды оң бағалап, өңіраралық өзара іс-қимылды кеңейту әлеуетін атап өтті және Льеж провинциясы мен Қазақстанның іскерлік, академиялық және институционалдық ортасы арасында тікелей байланыстар орнатуға жәрдем көрсетуге дайын екенін білдірді.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар өңірлік деңгейде практикалық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға өзара мүдделілікті растады және нақты бірлескен бастамалар мен жобаларды іске асыру мақсатында диалогты жалғастыруға уағдаласты.

Анықтама: Льеж провинциясы – бельгиялық Валлония өңірінің дамыған индустриялық-логистикалық орталығы. Провинцияның жалпы ішкі өнімі 2024 жылы 35 млрд. еуроны құрап, Бельгияның ұлттық ЖІӨ-нің 7,5%-ын құрады. Экономиканың негізгі салалары – металлургия, машина жасау, көлік және логистика. Экспорттың негізгі баптары – химия өнімдері, фармацевтика, металдар мен металл өнімдері, машиналар мен жабдықтар, автокомпоненттер; импорт – шикізат, энергия тасымалдаушылар, өнеркәсіптік жартылай фабрикаттар мен жабдықтар. Негізгі сауда серіктестері – Германия, Франция және Нидерланды, сондай-ақ ЕО-ның басқа елдері мен АҚШ. Географиялық орналасуының қолайлылығы мен дамыған инфрақұрылымының арқасында Льеж халықаралық жеткізу тізбектері мен еуропалық өнеркәсіптік кооперацияда маңызды рөл атқарады. Провинциядағы ірі компаниялар қатарына John Cockerill (энергетика және инжиниринг), FN Herstal (атыс қаруы), Safran Aero Boosters және Techspace Aero (аэроғарыш өнеркәсібі) жатады.