Брюссельде Қазақ киносының күндері өтті

Брюссельде Қазақ киносының күндері өтті

Брюссель, 2025 жылғы 12 желтоқсан — Қазақстан Республикасының Бельгиядағы Елшілігі «Қазақфильм» киностудиясымен және Қазақ киносының француз қауымдастығымен бірлесіп Брюссель қаласында Қазақ киносының күндерін ұйымдастырды.

Бельгия көрермендеріне қазақ халқының тарихындағы маңызды кезеңдерді, рухани құндылықтары мен мәдени мұрасының байлығын бейнелейтін «Бақыт құшағында» және «Жаужүрек мың бала» фильмдері ұсынылды.

Кинокөрсетілім бельгиялық қоғам өкілдерін, студенттерді және қазақстандық диаспора мүшелерін біріктіріп, мәдени диалог пен қазіргі қазақстандық киномен танысуға арналған алаңға айналды.

Бағдарламада режиссёр Санат Шапашовтың көрнекті қазақстандық композитор Шәмші Қалдаяқовтың шығармалары негізінде түсірілген «Бақыт құшағында» фильмі ерекше орын алды. Биыл 95 жылдығы атап өтіліп отырған Қалдаяқовтың махаббат, адами шынайылық және ұлттық болмыс тақырыптарына толы музыкалық мұрасы картинаның эмоциялық өзегіне айналып, оған ерекше тереңдік пен лиризм дарытты. Бұл фильмнің мазмұнын халықаралық аудиторияға түсінікті әрі жақын етті.

Кинокөрсетілімдердің ерекше оқиғасы — басты рөлді сомдаған актриса Алия Ануарбектың қатысуы болды. Ол көрермендермен жүздесіп, сұрақтарға жауап беріп, бельгиялық аудитория тарапынан зор қызығушылық пен жылы ықыласқа ие болды.

Іс-шараға Бельгияның тәуелсіз авторлар, режиссёрлер мен продюсерлер қауымдастығының Бас хатшысы Франк Депайфв жоғары баға беріп, ұсынылған фильмдердің эмоциялық айқындығын және көрерменмен киноның әмбебап тілі арқылы сөйлей алу қабілетін атап өтті. Сондай-ақ, ол бельгиялық көрермендерді қазіргі қазақстандық кинематографиямен одан әрі таныстыруға қызығушылық білдірді.

Бельгиядағы Қазақстан мәдениеті апталығы аясында өткен Қазақ киносының күндері Қазақстанның тарихы мен мәдениетіне деген жоғары қызығушылықты көрсетіп, мәдени дипломатияның өзара түсіністік пен мәдениетаралық диалогты нығайтудың тиімді құралы ретіндегі маңызын айқындады.

Аталған іс-шара Қазақстан мен Бельгия арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамытуға елеулі үлес қосып, екіжақты мәдени байланыстардың одан әрі нығаюына ықпал етті.