Қазақстан мен Еуропалық одақ Брюссельде он жылдық ынтымақтастықты қорытындылады

Қазақстан мен Еуропалық одақ Брюссельде он жылдық ынтымақтастықты қорытындылады

Брюссель, 2025 жылғы 12 желтоқсан – Брюссель қаласында Қазақстан Республикасы мен Еуропалық одақ және оның мүше мемлекеттері арасындағы Кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісімнің (КӘЫК) қол қойылуына 10 жыл толуына орай салтанатты қабылдау өтті. Іс-шараға Еуропалық комиссия, Бельгия Федералдық парламенті мен Сыртқы істер министрлігінің өкілдері, дипломатиялық корпус, іскер және сарапшылық қауымдастық, сондай-ақ БАҚ өкілдері қатысты. Іс-шараның серіктесі «Eurasian Resources Group» (ERG) компаниясы болды.

Бельгия Корольдігіндегі ҚР-дың Елшісі, Еуропалық одақ пен НАТО жанындағы Миссияның басшысы Роман Василенко өз сөзінде КӘЫК-тің жүзеге асырылған он жылы ішінде Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы қатынастар шынайы стратегиялық әріптестік деңгейіне көтерілгенін атап өтті.

Ол Қазақстан мен ЕО арасындағы өзара сауда көлемі 2024 жылы рекордтық 50 млрд АҚШ долларына, ал ЕО елдерінің 2005 жылдан бергі жиынтық инвестициялары 200 млрд АҚШ долларынан асқанын мәлімдеді. Бүгінде Қазақстанда 4 мыңнан астам еуропалық компания табысты жұмыс істеуде, бұл ел экономикасына деген жоғары сенімнің айғағы.

Елші сирек кездесетін шикізат, жасыл энергетика, көлік, цифрландыру және орнықты даму салаларындағы ынтымақтастықтың белсенді дамып келе жатқанын атап өтті, сондай-ақ виза режимін жеңілдету және реадмиссия туралы келісімдер бойынша келіссөздердің басталғанын хабарлады. Ол сондай-ақ Қазақстанда жүргізіліп жатқан саяси және әлеуметтік-экономикалық реформаларға, оның ішінде 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу мақсаттарына назар аударды.

Елші көлік байланысын нығайту мәселесіне ерекше тоқталып, Транскаспий халықаралық көлік бағытының («Орта дәліздің») дамуы Қазақстанның жаһандық жеткізу тізбектеріне терең ықпалдасуының маңызды элементіне айналып отырғанын айтты. Өз сөзін қорытындылай келе, Р.Василенко 2026 жылы жоспарланған жоғары деңгейдегі өзара сапарлар екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға қосымша серпін беретінін атап өтті.

Еуропалық одақтың Орталық Азия бойынша арнайы өкілі Эдуардс Стипрайс Қазақстан мен ЕО арасындағы ынтымақтастықтың белсенді және тұрақты серпінін атап өтіп, КӘЫК-тің серіктестікті дамытуға сенімді негіз болып табылатынын жеткізді.

Іс-шараның құрметті қонағы – Бельгия Сыртқы істер министрлігінің хаттама қызметінің басшысы, елші Пьер Картювельс Қазақстан-Бельгия қатынастарының дәйекті дамуын атап өтіп, екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі кеңейту үшін зор әлеует бар екенін айтты.

Кештің шарықтау шегі ретінде Баян Жанбауова жетекшілік еткен қазақстандық дизайнерлердің ұлттық нақыштағы сән үлгілері көрсетілімі өтті. Дәстүрлі өрнектер мен заманауи элементтер үйлесім тапқан коллекция көрермендерге ерекше әсер қалдырып, қазақстандық сәннің байлығы мен даралығын паш етті.