
Брюссель, 2025 жылғы 11 желтоқсан – Брюссельдегі Еуропалық азиялық зерттеулер институтында (EIAS) «Қазақстан – Еуропалық Одақ: Бұл әріптестік көбірек пайда әкеле ала ма және ол үшін не қажет?» тақырыбында «дөңгелек үстел» өтті.
Еуропалық астананың танымал аналитикалық орталықтарының бірінде өткен іс-шара Қазақстан мен Еуропалық Одақ және оның мүше мемлекеттері арасындағы Кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісімнің (КӘЫК) 10 жылдығына арналды.
Дөңгелек үстел халықаралық және бельгиялық сарапшылар қауымдастығының өкілдерін, сондай-ақ Еуропалық сыртқы іс-қимыл қызметін (EEAS) жинап, Қазақстан мен ЕО арасындағы өзара іс-қимылдың қазіргі жағдайы мен болашақ перспективаларын талқылауға мүмкіндік берді.
Талқылауды аша отырып, Қазақстанның Брюссельдегі Елшісі Роман Василенко соңғы он жылда Қазақстан мен Еуропалық Одақ жай ғана әріптестік емес, ынтымақтастықтың тұтас экожүйесін қалыптастырғанын атап өтті. 29 бағытты қамтитын КӘЫК көлік инфрақұрылымы мен энергетикалық қауіпсіздіктен бастап білім беру, климаттық саясат және цифрлық инновацияларға дейінгі салаларда ортақ прогрестің негізіне айналды.
Дипломаттың айтуынша, жоғары және жоғарғы деңгейдегі соңғы кездесулер, оның ішінде Еуропалық Кеңес Президенті Антониу Коштаның Астанаға ресми сапары және Брюссельде ҚР Сыртқы істер министрі Ермек Қошербаев пен ЕО-ның Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі Жоғарғы өкілі Кайя Каллас тең төрағалық еткен «Қазақстан–ЕО» Ынтымақтастық кеңесінің 22-отырысы екі тараптың өзара іс-қимылды сапалық жаңа деңгейге шығаруға дайын екенін көрсетті.
Атап өтілгендей, Қазақстан Транскаспий халықаралық көлік маршрутын («Орта дәліз») дамыту ісінде ЕО серіктестерімен ынтымақтастықты жалғастыруға дайын. Оның ішінде бұл бағытты Еуропа мен Азияны байланыстыратын толыққанды заманауи, тиімді және экологиялық таза көлік артериясына айналдыру мақсатына ерекше көңіл бөлінді.
Сондай-ақ жақында Қазақстан мен ЕО визалық рәсімдерін жеңілдету және реадмиссия туралы келісімдер бойынша ресми келіссөздерді бастағаны атап өтілді. Бұл қадам екіжақты қарым-қатынастар тарихындағы маңызды белес болып саналады.
Сонымен қатар «жасыл» көшу және декарбонизация, стратегиялық маңызды шикізат, цифрлық трансформация, жасанды интеллект және цифрлық басқару салаларында өзара іс-қимыл перспективалары белгіленді. Қазақстан азаматтық авиация саласында да үлкен әлеует көріп отыр, бұл бағытта тараптар жаңа құқықтық базаны қалыптастыру үстінде. Сондай-ақ ғарыш саласында өзара іс-қимылды кеңейту мүмкіндігі де ерекше аталды.
Елші атап өткендей, «Қазақстан мен Еуропалық Одақ күшімізді біріктіре отырып, аймақтық тұрақтылықты қамтамасыз ету, орнықты жабдықтау тізбектерін құру және «жасыл» инновацияларды дамыту сынды жаһандық деңгейдегі нәтижелерге қол жеткізе алатынымызды дәлелдедік. «Дөңгелек үстел» тақырыбындағы сұрақтарға біздің жауабымыз айқын: біздің әріптестігіміз тек қана көбірек пайда әкеле алады емес, әкелуге тиіс және әкелетін болады. Бұл үшін икемділік, ұзақ мерзімді жоспарлау және ертеңгі инфрақұрылым мен технологияларға батыл инвестиция қажет. Қазақстан мұндай көзқарасқа толықтай берілген».
Сарапшылар қауымдастығы мен EEAS өкілдері көлік, цифрландыру және стратегиялық маңызды материалдар салаларында Қазақстан мен ЕО арасындағы ынтымақтастықты дамытуға үлкен мүмкіндік бар екенін атап өтті. Инвестициялық ахуалды одан әрі жетілдіру қажеттілігі де ерекше назарға алынды. Сонымен қатар «Орта дәліздің» маңыздылығы және бұл бағыттағы Қазақстанның негізгі рөлі бөлек атап өтілді.
Анықтама: Қазақстан – 2015 жылы Еуропалық Одақпен КӘЫК келісіміне қол қойған Орталық Азиядағы алғашқы мемлекет.
2024 жылы ЕО мен Орталық Азия елдерінің тауар айналымы шамамен 55 млрд еуроны құрады, оның 49 млрд еуродан астамы Қазақстанға тиесілі.
Бүгінгі таңда елімізде еуропалық капиталдың қатысуымен 4 мыңнан астам компания жұмыс істейді, олардың инвестиция көлемі 200 млрд АҚШ долларына жетті.