ЕО жанында Қазақстанның Тұрақты өкілі, Елші Роман Василенконың «Қазақстан – ЕО: кеңейтілген әріптестіктің 10 жылдығынан кейін не күтеміз?» атты баспасөз-брифингіндегі сөзі Брюссель баспасөз клубы 2025 жылғы 24 қараша

ЕО жанында Қазақстанның Тұрақты өкілі,  Елші Роман Василенконың «Қазақстан – ЕО: кеңейтілген әріптестіктің 10 жылдығынан кейін не күтеміз?» атты  баспасөз-брифингіндегі сөзі Брюссель баспасөз клубы 2025 жылғы 24 қараша

Құрметті әріптестер, ханымдар мен мырзалар,

Бүгінгі брифингке қош келдіңіздер! Сіздерді қарсы алу мен үшін үлкен қуаныш.

Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасында өзара құрметке, ортақ мүдделер мен мақсаттарға, сондай-ақ БҰҰ Жарғысының қағидаттарына негізделген берік және ұзақ мерзімді стратегиялық серіктестік орнаған.

Ағымдағы жылғы желтоқсанында Қазақстан мен Еуропалық Одақ және оның мүше мемлекеттері арасындағы Кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісімге (КӘЫК) қол қойылғанына 10 жыл толады.

Қазақстан Орталық Азия елдерінің ішінде алғашқы болып осы «жаңа буындағы» құжатқа қол қойып, оны ратификациялады. Бұл келісім саясат, экономика және салалық өзара іс-қимылдың 29 бағыты бойынша ынтымақтастығымыздың кешенді негізін құрайды.

Біз Еуропалық Одақты сауда және инвестициялар бойынша басты серіктесіміз, сондай-ақ климаттың өзгеруі, көлік байланыстылығы, өңірлік қауіпсіздік және орнықты даму сияқты жаһандық сын-қатерлер бойынша маңызды серіктес ретінде жоғары бағалаймыз.

Еуропалық Одақпен қалыптасқан өте қарқынды саяси диалогқа да ерекше мән бергім келеді. Биылғы сәуір айында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Самарқанда Еуропалық кеңес Президенті Антониу Кошта және Еуропалық комиссия Президенті Урсула фон дер Ляйенмен екіжақты кездесулер өткізді.

Біздің көшбасшылар «Орталық Азия – ЕО» саммитіне қатысты. Оның нәтижесінде екі өңір арасындағы серіктестік стратегиялық деңгейге көтерілді.

Қыркүйек айында Президент Қ. Тоқаев Антониу Коштамен БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-сессиясы аясында Нью-Йоркте қайта кездесті.

Осыған қоса, келесі аптада Брюссельде «Қазақстан – ЕО» Ынтымақтастық кеңесінің 22-отырысы министрлік деңгейде өтеді.

Тараптар КӘЫК іске асырылу барысын қарастырады және сауда, инвестициялар, гуманитарлық байланыстар мен саяси диалогты қамтитын кеңейіп келе жатқан ортақ күн тәртібін талқылайды. Жақын уақытта жоғары деңгейдегі байланыстар жалғасады.

Самарқан, Нью-Йорк, Астана мен Брюссельдегі кездесулер көлік байланыстылығын, критикалық маңызды материалдарды, цифрлық инновацияларды, ауыл шаруашылығы және білім беру салаларын ортақ басымдық ретінде айқындады.

Соңғы жылдары Қазақстан мен ЕО арасындағы қатынастар нығаюын жалғастырып, бұрынғыдан да динамикалы бола түсті.

Геосаяси тұрақсыздық пен әлемдік экономиканың күйзелістеріне қарамастан, ЕО Қазақстанның ең ірі сауда және инвестициялық серіктесі болып қала береді: 2024 жылы екіжақты тауар айналымы шамамен 50 млрд АҚШ долларына жетті. ЕО-ның Орталық Азиямен саудасының 90%-ы Қазақстанға тиесілі. Биыл бұл көрсеткіш біздің экономикамыз және стратегиялық серіктестіктеріміз үшін маңызды деңгейде сақталуда.

Тәуелсіздік жылдарында ЕО елдерінен Қазақстан экономикасына 200 млрд доллардан астам инвестиция тартылды, елімізде 4 мыңға жуық еуропалық компания табысты жұмыс істеп келеді.

Біз бұл байланыстарды кеңейтуге және әртараптандыруға берік бейілдіміз. Бұл – біздің кәсіпорындар мен азаматтар үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Әсіресе, қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдерінің ЕО нарығына қолжетімділігін кеңейтуге басымдық берілуде.

Қазақстан Еуропалық Одақ үшін сенімді және жауапты серіктес болып қала береді, Еуропаның энергетикалық қауіпсіздігіне елеулі үлес қосады.

Қазақстан ЕО-ның мұнай импортының 13%-ын және уранға деген сұранысының 16%-ын қамтамасыз етеді. Бұл – еліміздің Еуропаның әртараптандырылған энергетикалық архитектурасындағы тұрақты тірек екенін дәлелдейді.

Осыған байланысты біз ЕО нарығына қазақстандық мұнайдың тұрақты және қауіпсіз жеткізілуіне бейілділігімізді растаймыз.

Біздің пікірталастарымызда Азия мен Еуропаны байланыстыратын маңызды әрі стратегиялық маршрут – Орта дәлізге ерекше назар аударылады.

Жаһандық жеткізу тізбектерінің өзгеруі Транскаспий бағыттың маңызын одан әрі арттыра түсуде.

Қазақстан Еуразияның дәл ортасында орналасқан және Шығыс пен Батысты жалғайтын маңызды көпір қызметін атқарады.

Президент Қ. Тоқаевтың 2025 жылғы қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында айтылғандай, көлік және логистикалық инфрақұрылымды дамыту – біздің ұлттық басымдықтарымыздың бірі.

Қазақстан аумағы арқылы 13 халықаралық көлік дәлізі өтеді – 5 теміржол және 8 автомобиль бағыты. Олар Азия мен Еуропа арасындағы құрлықтық жүк тасымалдарының шамамен 85%-ын қамтамасыз етеді.

Соңғы 15 жылда көлік саласын жаңғыртуға 35 млрд доллардан астам инвестиция құйдық. 2030 жылға қарай Қазақстан көлік байланыстылығын нығайту үшін Қытай мен Ауғанстанға (әрі қарай Пәкістан нарығына шығатын) жаңа теміржол желілерін қоса отырып, тағы 15 млрд доллар инвестиция салуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ 13 мың км жол салынып, жаңғыртылатын болады.

Әуе қатынасы да кеңейіп келеді: Қазақстан 30 елмен тікелей әуе рейстеріне ие. Ашық аспан саясаты аясында ЕО-мен әуе қатынасын одан әрі кеңейтуге дайынбыз.

Цифрлық трансформация мен жасанды интеллектіні кеңінен енгізу – біздің болашаққа деген көзқарасымыздың негізгі бөлігі. Қазіргі таңда әзірленіп жатқан «Smart Cargo» платформасы кеден және логистикалық процестерді біріктіріп, Қазақстанды толық цифрлық мемлекетке жақындатады.

Транскаспий халықаралық көлік маршрутына келсек, Орта дәліз тұрақты өсім көрсетуде.

Оның қазіргі өткізу қабілеті жылына 6 млн тонна. 2024 жылы жүк тасымалы 62%-ға өсіп, 4,5 млн тоннаға жетті.

Биыл 5,2 млн тоннаға дейін өсуі күтілуде. 2028 жылға қарай коридордың өткізу қабілетін жылына 10 млн тоннаға жеткізуді мақсат етіп отырмыз.

Оңтүстік Кавказдағы оң өзгерістер – Армения мен Әзербайжан арасындағы бейбіт келісімге қол қоюға дайындық үдерісі – коридордың әлеуетін одан әрі арттыруда.

2025 жылғы қазанда Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевтің Қазақстанға сапары барысында Армения бағытындағы барлық транзиттік шектеулердің алынатыны жарияланды.

Қазақстандық бидайдың алғашқы партиялары тағайындалған жерге жеткізілді. Бұл – сенім қалыптастырудың, өңірлік байланыстарды дамытудың нақты қадамы және өзара байланыстылық – бейбітшілікке бастайтын жол екенінің айқын дәлелі.

Орта дәліз – тек көлік маршруты емес, ол экономикаларды, технологияларды және адамдарды байланыстыратын стратегиялық серіктестік платформасына айналып келеді.

Бірлескен күш-жігер Еуразия байланыстылығын нығайтып, ЕО-ның «Global Gateway» және Қытайдың «Belt and Road» бастамаларымен өзара толықтырушы сипатқа ие.

Біз сондай-ақ ЕО-ның трансъевропалық көлік желісі (TEN-T) саясаты мен Орталық Азия елдерінің көлік байланыстылығын дамыту бойынша күш-жігерінің арасында елеулі синергия бар екенін көріп отырмыз.

Біз ЕО-ны, оның мүше мемлекеттерін және қаржы институттарын 2023 жылғы ЕҚДБ есебінде көрсетілген «жұмсақ» және «қатты» инфрақұрылымды дамыту жөніндегі ұсыныстарды іске асыруды жеделдетуге шақырамыз.

Қазақстан ЕО-мен және өңірлік серіктестермен Орта дәлізді өңірлік сауданың заманауи, тиімді, қауіпсіз және орнықты артериясына айналдыру жөнінде бірлесіп жұмыс істеуге бейілді.

Біздің ынтымақтастығымыздың тағы бір болашағы зор бағыты – критикалық маңызды материалдар, сондай-ақ «жасыл» және цифрлық өтпелі кезең мәселелері.

Қазақстанда бұл секторды өзара тиімді және жауапты негізде дамытуға қажетті табиғи әлеует те, саяси ерік те бар.

Біздің ел ЕО-ның Критикалық шикізаттар туралы актісінде көрсетілген 34 элементтің 21-ін өндіре алады, сондай-ақ жаңа кен орындарын игеруде.

Біз қазірдің өзінде Еуропа нарығына мыс, хром, титан, фосфор, бериллий, тантал және марганец экспорттап келеміз. 2025–2026 жылдарға арналған Жол картасы аясындағы бірлескен жұмысымыз, соның ішінде «Сарытоган» графит кен орнын дамыту жобасының ЕО-ның стратегиялық бастамалар тізіміне енгізілуі екі тараптың да ниетінің маңызды екенін көрсетеді. Критикалық маңызды материалдардың қосылған құн тізбектері бойынша ЕО-мен өзара іс-қимылымыз – Еуропаның өнеркәсіптік орнықтылығын арттыруға, сонымен қатар Қазақстан экономикасын жаңғыртуға ықпал ететін ең болашағы зор бағыттардың бірі.

Сондай-ақ парламенттік ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өткім келеді. Ол біздің саяси диалогымыздың демократиялық негізін құрайды. Өткен аптада Брюссельде «ҚР – ЕО» Парламенттік ынтымақтастық комитетінің 22-отырысы өтті. Кездесу нәтижелі әрі шабыттандырарлық болды. Бұл іс-шара серіктестігіміздің үкіметтер деңгейіндегі байланыстармен ғана емес, екі тараптың депутаттары, сарапшылары және азаматтық қоғамы арасындағы белсенді өзара іс-қимылмен де нығайып жатқанын көрсетті.

Екі ел арасындағы адами байланыстар да аса маңызды. Олар біздің мемлекеттерімізді жалғап тұрған тірі көпір іспетті. Білім беру, мәдени алмасу, академиялық ұтқырлық және жастар ынтымақтастығы – ұзақ мерзімді серіктестіктің негізгі элементтері. Осы тұрғыда біз ЕО-ға мүше мемлекеттердің визалық рәсімдерді жеңілдету және реадмиссия туралы келіссөздерді бастау үшін Еуропалық комиссияға мандат беру жөніндегі шешімін ерекше құптаймыз. Бұл шешім халықтарымызды жақындастыруға, мобильділікті кеңейтуге, студенттер мен кәсіби мамандар үшін жаңа мүмкіндіктер ашуға және өзара түсіністікті нығайтуға үлкен қадам болып табылады.

Құрметті ханымдар мен мырзалар, бүгінде Қазақстан мен Еуропалық Одақ жетілген, сенімді және болашаққа бағытталған серіктестік орнатты. Бұл серіктестік ортақ құндылықтарға негізделген, өзара мүдделермен толыққан және өңірлік әрі жаһандық тұрақтылықты қамтамасыз етуге қатысты ортақ көзқараспен жүзеге асуда.

Алдағы ынтымақтастығымызға көз жүгірте отырып, біз Еуропалық Одақпен стратегиялық диалогты кеңейту, экономикалық байланыстарды нығайту, өңірлік өзара байланыстылықты дамыту және кез келген табысты серіктестіктің негізін құрайтын адами байланыстарды күшейту арқылы тығыз жұмыс істеуге адал болып қала береміз. Біздің ортақ мақсаттарымыз халықтарымыздың игілігі жолында нақты нәтижелерге айналады деп сенемін.

Назарларыңызға рақмет.