
Олен, Бельгия, 2025 жылғы 21 қараша – Қазақстанның Бельгия Корольдігіндегі Елшісі Роман Василенко Safety Product компаниясының бас директоры Каролин Виллемспен кездесу өткізді.
Келіссөздер барысында тараптар жол қауіпсіздігі саласындағы ынтымақтастықты дамыту, инновациялық инженерлік шешімдерді енгізу және компаниясының озық технологияларын ҚР-да локализациялау мүмкіндіктерін талқылады. Елші Қазақстан көлік инфрақұрылымын жаңғыртуға, жол-көлік оқиғаларының санын азайтуға және пассивті қауіпсіздік технологияларын қоса алғанда, қауіпсіздік стандарттарын енгізуге бағытталған ауқымды реформаларды дәйекті түрде іске асырып жатқанын атап өтті.
Ерекше назар компанияның жетекші әзірлемесі – жарықтандыру тіректеріне, жол белгілеріне және смарт-инфрақұрылым элементтеріне арналған болат энергосіңіргіш «ZIPpole» жүйесіне аударылды. Бұл технология беріктік, коррозияға төзімділік және пассивті қауіпсіздікті үйлестіре отырып, жол-көлік оқиғаларының салдарын едәуір төмендетеді.
Р. Василенко Қазақстанның жол желісін кешенді жаңғырту үшін жоғары технологиялық шешімдері бар халықаралық компанияларды тартуға мүдделі екенін атап өтті. Ол 2024 жылы Қазақстанда 12 мың км-ден астам жол салу, реконструкциялау және жөндеу бойынша рекордтық көлем орындалғанын, бұл заманауи және қауіпсіз инфрақұрылымдық шешімдерге сұранысты арттыратынын айтты.
Елші шетелдік инвесторлар үшін Қазақстанда жасалған қолайлы жағдайлар туралы ақпарат берді, соның ішінде салықтық жеңілдіктер, өнеркәсіптік инфрақұрылымға қолжетімділік және жоғары технологиялық өндірістерді қолдау бағдарламалары. «Біз Safety Product компаниясымен ынтымақтастықты дамытуға үлкен әлеует көріп отырмыз, оның ішінде пассивті қауіпсіздік жүйелерін локализациялау және бірлескен зерттеу жобалары», – деді Р. Василенко.
Өз кезегінде К. Виллемс Қазақстанның көлік қауіпсіздігін арттыру бағытындағы күш-жігерін жоғары бағалап, инженерлік тәжірибемен алмасудан бастап өндірісті локализациялауға дейінгі ынтымақтастық мүмкіндіктері бойынша диалогқа дайын екенін білдірді. Safety Product сондай-ақ қазіргі заманғы стандарттарға сәйкес келетін технологияларды енгізу және жол жиектерін жаңғырту жобаларына қатысу арқылы қазақстандық ұйымдармен тұрақты әріптестік орнатуға ниетті екенін атап өтті.
Анықтама: Safety Product – 2011 жылы құрылған бельгиялық компания, ол жарықтандыру тіректеріне, жол белгілеріне, бақылау камераларына, күн панельдеріне және инфрақұрылымның басқа элементтеріне арналған энергосіңіргіш ZIPpole тіректерін өндіруге маманданған. Компания технологиясы халықаралық краш-сындардан өткен, EN 12767 еуропалық стандартына сәйкес келеді және «қауіпсіз жол жиегі» тұжырымдамасы аясында қолданылады. ZIPpole өндірісі 25 жылдық кепілдікпен ұсынылады және серіктес елдерде локализациялауға мүмкіндік береді.