Қазақстан мен Еуропалық одақ парламенттік ынтымақтастық комитетінің 22-отырысында диалогты нығайтты

Қазақстан мен Еуропалық одақ парламенттік ынтымақтастық комитетінің 22-отырысында диалогты нығайтты

Брюссель, 2025 жылғы 20 қараша – Брюссельде «Қазақстан Республикасы – Еуропалық одақ» Парламенттік ынтымақтастық комитетінің (ПЫК) 22-отырысы өтті. Іс-шараның ұйымдастырылуы 2015 жылғы 21 желтоқсанда Астанада Қазақстан Республикасы мен ЕО және оның мүше мемлекеттері арасында қол қойылған Кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісімнің (КӘЫК) 10 жылдық мерейтойының қарсаңына сәйкес келді. Сол уақыттан бері бұл құжат саяси, экономикалық және мәдени-гуманитарлық салаларды, сондай-ақ парламентаралық байланыстарды қамти отырып, қазақстан-еуропалық стратегиялық әріптестікті нығайтуға арналған құқықтық негіз ретінде тиімді қызмет етіп келеді.

ПЫК жұмысына тең төрағалар ретінде Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Айгүл Құспан және Еуропалық парламенттің Орталық Азиямен байланыстар жөніндегі делегациясының жетекшісі Джузи Принчи қатысты.

Отырыс ашылуында тең төрағалар Қазақстан мен ЕО арасындағы стратегиялық әріптестіктің тұрақты сипатын атап өтіп, соңғы жылдары оның сапалы жаңа деңгейге көтерілгенін жеткізді. Сондай-ақ Астана мен Брюссель арасындағы реформалар, экономиканы трансформациялау және Қазақстандағы мемлекеттік басқаруды жаңғырту мәселелері бойынша диалогтың айтарлықтай кеңейгені ортақ түрде атап өтілді.

КӘЫК-тің практикалық іске асырылуы экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге жаңа мүмкіндіктер ашатынына, кәсіпкерлік, инвестициялар және инновациялардың дамуына қуатты серпін беретініне ерекше назар аударылды.

Дж.Принчи Еуропалық одақ Қазақстанмен ынтымақтастықты нығайтуға «айрықша мән» беретінін, әрі Қазақстанның «Еуропа үшін сенімді саяси әріптес» екендігін атап өтті. Ол жаһандық өзекті сын-қатерлер, соның ішінде климаттың өзгеруі, технологиялардың дамуы, орнықты өсімді қамтамасыз ету және басқа да мәселелер бойынша орнаған ашық әрі мазмұнды диалогты құптады.

Еуропалық делегация басшысы Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформаларды оң бағалап, еліміздегі институционалдық өзгерістер үдерісіне ЕО тарапынан әрі қарай да қолдау көрсетуге дайын екенін растады.

Гуманитарлық саладағы ынтымақтастықты тереңдету тұрғысынан Дж.Принчи қазақстандық және ЕО елдерінің университеттері мен ғылыми институттары арасындағы академиялық байланысты нығайтуға толық қолдау білдіріп, бұл бағыттағы өзара іс-қимылдың зор әлеуетін атап өтті.

Тараптар парламентаралық ынтымақтастықты дамытуға ерекше назар аударды. Ол тұрақты кездесулер, тәжірибе алмасу және депутаттар арасындағы тікелей диалогтың арқасында нығайып келеді. Парламенттік дипломатия сенім қалыптастыруда, реформаларды қолдауда, демократиялық институттарды ілгерілетуде және халықтар арасындағы түсіністікті кеңейтуде маңызды рөл атқаратыны атап өтілді. Тараптар парламенттік комитеттердің жұмысын жандандыруға, тақырыптық алмасуларды кеңейтуге және көпжақты форматтардағы үйлестіруді күшейтуге дайын екенін білдірді.

Сонымен қатар, шараға қатысушылар экономикалық әріптестіктің дамуын жан-жақты талқылады. Қазақстан – ЕО-ның Орталық Азиядағы ең ірі сауда серіктесі, ал Еуропалық одақ – Қазақстан экономикасындағы жетекші инвестор. Атап айтқанда, тараптар сауданы әртараптандыру, орнықты жеткізу тізбектерін дамыту, «жасыл» және цифрлық трансформация, инновациялар және шикізатты қайта өңдеу салаларындағы ынтымақтастық перспективаларын қарастырды. 2022 жылы Қазақстан мен ЕО арасында қол қойылған маңызды шикізат материалдары бойынша ынтымақтастық туралы Өзара түсіністік жөніндегі меморандумның іске асырылу барысы ерекше қызығушылық тудырды.

Еуропалық парламенттің Көлік және туризм комитетімен бірлесіп, көлік өзара байланыстылығы саласындағы ағымдағы жағдай мен ынтымақтастық перспективалары егжей-тегжейлі талқыланды. Оған логистикалық инфрақұрылымды кеңейту мен жаңғырту, мультимодальды тасымалдауды дамыту және Транскаспий халықаралық көлік бағытының («Орта дәліздің») әлеуетін арттыру мәселелері кірді.

«Орталық Азия – Еуропалық Одақ» өңірлік ынтымақтастық форматы аясында су ресурстарын тиімді басқару, көлік және экономикалық өзара байланыстылықты кеңейту, сондай-ақ қауіпсіздік мәселелері талқыланды. Тараптар табиғи ресурстарды тұрақты басқару және өңірлік тұрақтылықты нығайту бойынша бірлескен жұмысқа бейілдігін растады.

Қазақстан мен ЕО делегаттары сондай-ақ адам құқықтары, заңның үстемдігі, тиімді мемлекеттік басқару және азаматтардың мобильдігі мәселелерін талқылады. Қазақстанда жүйелі реформаларды жалғастырудың, азаматтық қоғамды дамытудың, сондай-ақ білім беру бағдарламалары мен академиялық ұтқырлықты кеңейтудің, оның ішінде ЕО-ның «Erasmus+» бастамасы аясындағы жобалардың маңыздылығы атап өтілді.

Отырыс соңында тараптар КӘЫК-тің он жылдық жүзеге асуының табысты нәтижелерін қанағаттанушылықпен атап өтіп, Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайтуға, жаңа бірлескен бастамаларды іске асыруға және өңірлік әрі жаһандық сын-қатерлерге тиімді түрде жауап беруге өзара ұмтылысын растады.