Еуропалық Парламентте «Орта дәліздің» артып келе жатқан рөлі талқыланды

Еуропалық Парламентте «Орта дәліздің» артып келе жатқан  рөлі талқыланды

Брюссель, 2025 жылғы 19 қараша – Еуропалық Парламентте «Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы өзара байланыстылықты нығайту: Орта дәліздің перспективалары мен стратегиялық әлеуеті» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Талқылауға Қазақстан Мәжілісінің және Еуропалық Парламенттің депутаттары, сондай-ақ Қазақстан мен ЕО мемлекеттік құрылымдарының өкілдері мен сарапшылары қатысты.

Іс-шара Еуропа мен Орталық Азия арасындағы көлік байланыстарын стратегиялық дамытуға, сондай-ақ жаһандық логистикадағы Транскаспий халықаралық көлік бағытының (ТХКБ, кеңінен «Орта дәліз» деп те белгілі) өсіп келе жатқан маңызына арналды.

Кіріспе сөзді Еуропалық Парламент депутаты, Құқықтық мәселелер комитетінің төрағасы Ильхан Кючук сөйледі. Ол Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы стратегиялық әріптестікті нығайтуда байқалып отырған ілгерілеудің негізінде «Орта дәліздің» белсенді дамуы жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, «бұл – Еуропа мен Азияны байланыстыратын қарапайым көлік жолы ғана емес. Бұл – мүмкіндіктер дәлізі, тұрақтылық көпірі және ең бастысы – стратегиялық автономия мен ортақ өркендеудің символы».

Сонымен бірге Еуропарламент депутаты, ЕО-ның «EuroNest» Парламенттік Ассамблеясындағы делегациясының басшысы
Сергей Лагодинский геосаяси күйзелістер аясында «Қазақстан мен «Орта дәліз» жай ғана қызығушылық тудырып отырған жоқ – олар Еуропаның стратегиялық саясатының сақтандыру полисінің бір бөлігіне айналып келеді» деп атап өтті. Оның айтуынша, «Қазақстан теңізге тікелей шыға алмайтын елдің де әлемнің әр бөлігін шынайы байланыстыратын маңызды буынға айналып, географияны кемшілік емес, артықшылыққа айналдыра алатынын дәлелдеп отыр».

Іс-шараның негізгі спикері Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Айгүл Құспан болды. Ол көлік өзара байланыстылығын дамыту Қазақстан мен Еуропалық Одақ ынтымақтастығының басым бағыттарының бірі екенін, ал «Орта дәліздің» Еуразияның стратегиялық көпіріне айналып келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстан мен ЕО арасындағы Кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы келісімінің он жылдық мерейтойы өзара іс-қимылдың тұрақтылығы мен тереңдігін көрсетеді.

Мәжіліс депутатының айтуынша, Қазақстан ежелден Ұлы жібек жолының бойында орналасқан ел ретінде бүгінде оның заманауи жоғары технологиялық нұсқасын қалыптастыруда. «Ел Еуропа мен Азия арасындағы негізгі транзиттік торапқа айналды: оның аумағы арқылы Шығыс – Батыс бағыты бойынша құрлықтағы жүктің 85%-дан астамы өтеді. Қазақстан соңғы он жылда көлік инфрақұрылымына 35 млрд. доллар инвестиция салды және 2030 жылға дейін тағы 15 млрд. доллар инвестиция құюды жоспарлап отыр», – деп түсіндірді ол.

А. Құспан Оңтүстік Кавказдағы өңірлік ынтымақтастыққа жаңа мүмкіндіктер ашып отырған оң өзгерістерге де назар аударды. Ол Әзербайжанның транзиттік шектеулерді алып тастау туралы шешімі Қазақстанның алғашқы астық жөнелтілімдерін Арменияға жеткізуге мүмкіндік бергенін атап өтіп, мұны «көлік логистикасының сенімді, тұрақтылық пен бейбітшілікті нығайта алатынының көрнекі үлгісі» деп атады.

Қазақстандық депутат «Орта дәліздің» дамуы ең алдымен саяси емес, жаһандық экономикалық ағымдармен айқындалатынын баса айтты. Оның стратегиялық маңызы – әлемдік нарықтарға болжамды қолжетімділікті қамтамасыз ету, тәуекелдерді азайту және экономикалық өзара тәуелділікті күшейту.

Ол Еуроодақтың Орталық Азия мен ЕО арасындағы көлік өзара байланыстылығын нығайтуға қосқан үлесін жоғары бағалады. Атап айтқанда, 2024 жылы өткен «Орталық Азия – ЕО» алғашқы Инвестициялық форумында жарияланған 10 млрд. еуро көлеміндегі міндеттемелерді және биыл сәуірде Самарқандта өткен «ОА – ЕО» Саммитінде жарияланған 12 млрд. еуроны атап өтті. Оның айтуынша, бұл бастамалар ұзақ мерзімді ынтымақтастыққа берік негіз қалайды.

Қазақстанның Еуропалық Одақ жанындағы Тұрақты өкілі Роман Василенко Астана мен Брюссель арасындағы өзара іс-қимыл Қазақстан мен ЕО арасындағы Кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылғанына 10 жыл өткен соң бұрынғыдан да нығайғанын атап өтті.

Ол Еуропаның сенімді және әртараптандырылған сауда бағыттарын дамытуға деген қызығушылығы Қазақстанның континенттерді байланыстыратын негізгі хаб ретіндегі рөлін күшейтуге бағытталған ұзақ мерзімді стратегиясына толық сәйкес келетінін айтты. Дипломат Қазақстанның Еуропалық Одақпен және өңірлік серіктестермен жаңа еуразиялық дәліздерді ынтымақтастық, болжамдылық және өзара тиімділік кеңістігіне айналдыру үшін одан әрі конструктивті жұмыс істеуге дайын екенін растады.

Сондай-ақ Еуропалық комиссияның Орталық Азия бойынша халықаралық ынтымақтастық жөніндегі Бас директоратындағы бөлім басшысының орынбасары Фабиен ван ден Эеде және «European Neighbourhood Council» талдау орталығының басқарушы директоры Самуэль Вестерби өз пікірлерімен бөлісті. Олар «Орта дәліздің» дамуындағы тұрақты прогресті, көлік инфрақұрылымына әрі қарай инвестиция салудың және осы бағытты саяси тұрғыдан үйлестіріп қолдаудың қажеттілігін атап өтті.

Талқылау қорытындысы бойынша қатысушылар «Орта дәліздің» болашақ еуразиялық өзара байланыстылық моделінің негізгі элементтерінің бірі екендігі туралы ортақ пікірді растады. Қазақстанның белсенді ұстанымы мен халықаралық ынтымақтастықтың кеңеюі бұл бағыттың жеткізу тізбектерінің тұрақтылығын қамтамасыз ететін және экономикалық өсімге жаңа мүмкіндіктер ашатын стратегиялық көлік артериясы ретіндегі рөлін күшейте түсуде.