
Брюссель, 2025 жылғы 19 қараша – Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Айгүл Құспан бастаған қазақстандық делегация Бельгия Өкілдер палатасының төрағасы Петер Де Ровермен кездесу өткізді. Келіссөздер барысында тараптар Қазақстан мен Бельгия арасындағы парламентаралық ынтымақтастықтың қазіргі жағдайын және оны кеңейтудің перспективаларын, сондай-ақ екіжақты және көпжақты өзара іс-қимылдың негізгі бағыттарын талқылады.
А. Құспан Қазақстан үшін саяси диалогты нығайтудың маңыздылығын атап өтіп, еуропалық бағыттың еліміздің сыртқы саясатындағы маңызды орын алатынын жеткізді. Ол Бельгия тарапын Президент Қ. Тоқаевтың бастамасымен жүргізіліп жатқан ауқымды саяси реформалар туралы, соның ішінде бір палаталы парламентке көшу жөніндегі ұсыныс, сайлау жүйесін реформалау және заң үстемдігін күшейту шаралары туралы хабардар етті. Әңгімелесушілер Бельгияда да парламенттің бір палаталы құрылымына көшу процесі жүріп жатқанын ескере отырып, екі елдің ұстанымдарының ортақтығын атап өтті.
П. Де Ровер Қазақстанда іске асырылып жатқан саяси және экономикалық реформаларды жоғары бағалап, көлік және логистика, стратегиялық маңызы бар шикізат материалдары, және жаңартылатын энергетика салаларындағы ынтымақтастықты кеңейтуге қолдау білдірді. Ол сондай-ақ көпжақты дипломатияның, мультилатерализмнің маңызын атап өтіп, «тұрақты мемлекеттер – тұрақты өңірлер» қағидатын ерекше атап өтті.
Кездесуде бельгиялық компаниялардың Қазақстандағы инвестициялық мүмкіндіктерге, оның ішінде стратегиялық маңызды материалдар, шикізатты қайта өңдеу және жасыл сутегі өндіру салаларына өсіп келе жатқан қызығушылығы атап өтілді. Қазақстан тарапы Бельгия мен ЕО-ның озық технологияларына және Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы кеңейтілген серіктестік және ынтымақтастық туралы келісім аясындағы бірлескен жобаларды ілгерілетуге қызығушылық танытты.
Сондай-ақ, тараптар Парламенттік одақ (IPU) шеңберіндегі өзара іс-қимылды дамытуды талқылады. Қазақстан парламенттік дипломатияны тереңдетуге, тәжірибе алмасуларды кеңейтуге және бірлескен іс-шаралар мен консультациялар ұйымдастыруға дайын екенін білдірді.
Кездесу барысында А. Құспан П. Де Роверге Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошановтың Қазақстанға ресми сапармен келу туралы шақыруын тапсырды. Бельгия тарапы мұндай сапардың саяси диалогты күшейту үшін маңызды екенін атап, оны ыңғайлы мерзімде қарастыруға дайын екенін айтты.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар Қазақстан мен Бельгия арасындағы парламенттік байланыстарды әрі қарай дамытуға және стратегиялық әріптестікті нығайтуға өзара мүдделілігін растады.