
Брюссель, 2025 жылғы 12 қараша – Бельгия астанасында Берлин еуразиялық клубының 44-ші кезекті отырысы өтті. Іс-шара «Орта дәліз және Ғаламдық қақпа (Global Gateway)» тақырыбына арналды. Талқылаудың барысында Еуропа мен Азия арасындағы өзара көлік байланысының жаңа архитектурасын қалыптастырудағы Қазақстанның өсіп келе жатқан рөлі сөз болды.
Отырысқа Қазақстан мен Еуропалық одақтың мемлекеттік органдарының өкілдері, бизнес қауымдастықтар, сарапшылар мен ғылыми орта, сондай-ақ логистикалық компаниялар мен қаржы институттарының өкілдері қатысты.
Германиядағы Қазақстанның Төтенше және Өкілетті Елшісі Нұрлан Онжанов өз сөзінде Қазақстанның Еуропалық одақтың тасымалдау тізбегі географиясында маңызды орынға ие болып келе жатқанын атап өтті.
«Бұл уақытша құбылыс емес, экономикалық әлеуетіміздің серпінді өсуіне және құрлықтар арасындағы байланысты қамтамасыз ететін инфрақұрылымның дамуына негізделген ұзақ мерзімді үрдіс. Біз Еуропалық одақпен және Германиямен, әсіресе көлік пен логистика салаларында әріптестікті нығайтып келеміз», – деді Елші.
ЕО жанындағы Қазақстанның Тұрақты өкілі Роман Василенко Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы қатынастардың маңызды тарихи кезеңі – Кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісімнің 10 жылдығы қарсаңында бұл шараның ерекше мәнге ие екенін атап өтті. Келісім екіжақты және өңірлік өзара іс-қимылдың 29 бағытын қамтиды.
Сонымен қатар, Қазақстан мен Еуропа арасындағы қарым-қатынастардың серпінді дамып келе жатқанын және көлік байланысын нығайту мәселесі көпқырлы ынтымақтастықты тереңдетудің негізгі факторына айналғанын айтты.
Р. Василенко Еуропалық одақтың Транскаспий халықаралық көлік бағытын (ТХКБ) дамытуға үлкен қызығушылық танытып отырғанын, осы мақсатқа шамамен 20 млрд. еуро бөлуді жоспарлағанын атап өтті. Сондай-ақ еуропалық институттарды Орта дәліздегі «тар тұстарды» еңсеруге бағытталған практикалық жобаларды жүзеге асыруға шақырды.
Германия экономикасы Шығыс комитетінің атқарушы директоры Михаэль Хармс өз сөзінде «Global Gateway» бастамасы тек Қытай мен Еуропаны байланыстырумен шектелмейтінін атап өтті.
М.Хармстың сөзінше «Бұл сонымен қатар өңіраралық сауданы дамыту және ЕО-ның көршілік саясатын нығайту — Орталық Азияны, Кавказды және Еуропалық одақты заманауи, орнықты көлік және цифрлық дәліздер арқылы байланыстыру бастамасы. Сауданың нығайуы инвестициялардың келуіне жол ашады. Сенімді логистика - тауарлардың нарыққа уақытылы жеткізілуін қамтамасыз етіп, жаңа құн тізбектерін және өнеркәсіптік серіктестікті қалыптастырады. Көлік инфрақұрылымынсыз, маңызды шикізатқа қол жеткізудің де мәні жоғалады».
Қазақстан Республикасының Көлік вице-министрі Жәнібек Тайжанов көлік саласын дамытудың негізгі бағыттары туралы баяндама жасады.
Панельдік пікірталас барысында нақты салалар бойынша ынтымақтастықтың келешегі, сондай-ақ неміс және еуропалық логистикалық компаниялардың Қазақстан аумағындағы қызметін кеңейту тәжірибесі мен жоспарлары талқыланды.
Отырыс қатысушылары көлік инфрақұрылымын дамыту, бағыттарды әртараптандыру және экологиялық тұрғыдан орнықты шешімдерге көшу Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы әріптестіктің басты бағыттарына айналып отырғанын атап өтті.
Берлин еуразиялық клубының кезекті отырысы - Қазақстанның Шығыс пен Батыс арасындағы көлік байланыстарының жаңа жүйесінде негізгі буынына айналуы арқылы, Орталық Азияның әлемдік экономикадағы рөлін нығайтып отырғанындығын көрсетті.