
Брюссель, 2025 жылғы 12 қараша – Қазақстан Республикасының Президентінің Ауғанстан жөніндегі Арнайы өкілі Еркін Тұқымов Ауғанстан бойынша Еуропалық Одақ пен Орталық Азия елдерінің арнайы өкілдері мен елшілерінің жетінші кездесуіне қатысу үшін Брюссельге жұмыс сапарымен барып келді.
Іс-шараға Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан өкілдері, сондай-ақ Еуропалық Одақтың Ауғанстан жөніндегі Арнайы өкілі Жиль Бертран мен Еуропалық Одақтың Орталық Азия жөніндегі Арнайы өкілі Эдвард Стипрайс қатысты.
Кездесу барысында қатысушылар Ауғанстандағы ағымдағы жағдайды талқылап, ауған халқына гуманитарлық көмек көрсетуді жалғастырудың және бұл елдегі тұрақтылықты қамтамасыз ету жөніндегі өңірлік күш-жігерді жандандырудың маңыздылығын атап өтті.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар Ауғанстанда ұзақ мерзімді бейбітшілік пен орнықты дамуға қол жеткізудің қажеттілігін атап өтіп, Орталық Азия елдері мен Еуропалық Одақ арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға және ауған халқына көрсетіліп жатқан қолдауды жалғастыруға дайын екендіктерін растады.
2021 жылы құрылған «Ауғанстан бойынша ЕО мен Орталық Азияның арнайы өкілдері мен елшілерінің кездесулері» атты диалог алаңы Ауғанстан тақырыбы бойынша пікір алмасу мен тәсілдерді үйлестірудің маңызды тетігі болып табылады.
Негізгі кездесуге дейін Е.Тұқымов Еуропалық сыртқы іс-қимыл қызметі және Конрад Аденауэр қоры Брюссельде ұйымдастырған «Ауғанстан және климаттық дағдарыс: жергілікті шындықтар, өңірлік жолдар, жаһандық маңызы» атты дөңгелек үстелге қатысты. Талқылау барысында климаттың өзгеруінің Ауғанстандағы әлеуметтік-экономикалық жағдайға әсері және орнықты даму мен климатқа бейімделу саласындағы өңірлік өзара іс-қимылдың мүмкіндіктері қарастырылды.
Жұмыс сапары аясында Е.Тұқымов сондай-ақ Еуропалық Одақтың Ауғанстан және Орталық Азия жөніндегі Арнайы өкілдері Ж.Бертран және Э.Стипрайспен жеке кездесулер өткізіп, ЕО-ның Кабулдағы делегациясының, Ауғанстанға көмек көрсету жөніндегі БҰҰ миссиясының (UNAMA), Ауғанстандағы Ага Хан қорының, Швецияның Гётеборг университетінің «Ауғанстан сарапшылары желісі» мен Ауғанстан және Оңтүстік Азияны зерттеу орталығының өкілдерімен пікір алмасты.