Қазақстан Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының тыңдаушылары Брюссельде тағылымдамадан өтуде

Қазақстан Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының тыңдаушылары Брюссельде тағылымдамадан өтуде

Брюссель, 2025 жылғы 6 қараша — Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының екі апталық білім беру бағдарламасы аясында Брюссельге келген тыңдаушылары Бельгия Корольдігіндегі Қазақстан Республикасының Елшілігінде болды.

Тағылымдама Мемлекеттік басқару академиясы мен Брюссель еркін университетінің құрамындағы Брюссель дипломатия академиясы (Brussels Diplomatic Academy, VUB) арасындағы ынтымақтастық шеңберінде ұйымдастырылды.

Сапар барысында тыңдаушылар Қазақстанның Бельгиядағы Елшісі Роман Василенкомен кездесті. Дипломатиялық миссияның басшысы мемлекеттік қызметтің жаңа буынын даярлауда мұндай бастамалардың маңыздылығын атап өтіп, олардың заманауи дипломатия, келіссөздер жүргізу және цифрлық мемлекеттік басқару құралдарын меңгеруіне ықпал ететінін айтты.

Елші бұл бағдарламаның 2022 жылы Мемлекеттік басқару академиясы мен Brussels Diplomatic Academy арасында қол қойылған келісімнің практикалық жалғасы екенін және оның Қазақстан мен Бельгия арасындағы басқарушылық кадрларды даярлау саласындағы академиялық және кәсіби ынтымақтастықты нығайтуға септігін тигізетінін атап өтті.

Бағдарлама 2025 жылғы 3–14 қараша аралығында өтуде. Оған Қазақстанның түрлі мемлекеттік органдарынан Мемлекеттік басқару академиясының 14 магистранты қатысуда. Оқу курсы жетекші сарапшылардың дәрістері мен тәжірибелік тренингтерін, сондай-ақ Еуропалық одақтың негізгі институттарына — Еуропалық сыртқы іс-қимыл қызметі (EEAS), Еуропалық комиссия, Еуропалық парламент және Брюссельдің жетекші зерттеу орталықтарына баруды қамтиды.

Курс халықаралық қатынастар, экономикалық дипломатия, дағдарыстық коммуникациялар, мемлекеттік басқаруды цифрландыру және жасанды интеллектіні мемлекеттік құрылымдардың қызметінде қолдану сияқты тақырыптардың кең аясын қамтиды.

Бағдарлама тыңдаушылары тағылымдамадан алған әсерлерімен бөлісіп, Елшілік дипломаттарымен Қазақстанның халықаралық күн тәртібін ілгерілетудегі және Еуропалық одақпен ынтымақтастықты дамытудағы мемлекеттік қызметшілердің рөлі жөнінде пікір алмасты.