Аалст, Бельгия, 2025 жылғы 16 қазан – Бельгиядағы Қазақстанның Елшісі Роман Василенко әлемдегі теңіз түбін тереңдету, теңіз және офшорлық инженерия саласындағы жетекші компаниялардың бірі саналатын бельгиялық Jan De Nul (JDN) инженерлік тобының штаб-пәтеріне барды.
Кездесу барысында компанияның бас директоры Жюли Де Нульмен Қазақстандағы инфрақұрылымдық жобаларды іске асырудағы одан әрі ынтымақтастықтың перспективалары талқыланды. Атап айтқанда, JDN-нің Құрық портын дамытудағы тәжірибесі және компанияның Ақтау портындағы порт инфрақұрылымын жетілдіруге қатысу мүмкіндіктері қарастырылды.
Р. Василенко Қазақстанның теңіз инженериясы, тұрақты құрылыс және жаңартылатын энергетика салаларында озық технологияларға ие жетекші еуропалық компаниялармен серіктестікті ерекше маңызды деп санайтынын атап өтті. Сондай-ақ, Jan De Nul Group компаниясының тәжірибесі мен техникалық әлеуеті елдің инфрақұрылымын дамытуға, әсіресе Транскаспий халықаралық көлік бағыты (Middle Corridor) аясында елеулі үлес қоса алатынын айтты.
«Біз Jan De Nul Group компаниясын Қазақстанның негізгі еуропалық серіктестерінің бірі ретінде қарастырамыз. Оның озық технологиялары мен инженерлік тәжірибесі еліміздің порт инфрақұрылымын жаңғыртуға және «жасыл» энергетиканы дамытуға ықпал ете алады», – деді Елші.
Анықтама: Jan De Nul Group – 1938 жылы құрылған бельгиялық отбасылық инженерлік компания. Қаржылық штаб-пәтері Люксембургте орналасқан. Компания теңіз түбін тереңдету, теңіз және офшорлық құрылыс, экологиялық және энергетикалық технологиялар саласында әлемдегі көшбасшылардың бірі саналады. Jan De Nul Group бүкіл әлем бойынша жасанды аралдар, порт терминалдары, суасты кабельдері мен жел электр станцияларын салу сияқты ірі жобаларды жүзеге асырады. Компанияның портфелінде Панама, Сауд Арабиясы, Грекия, БАӘ және Еуропа елдеріндегі жобалар бар. 2025 жылы қызметкерлер саны 7000-нан асады, ал жылдық айналымы 4 млрд. еуроны құрайды.