Брюссель, 2025 ж. 6 қазан – Бельгия мен Люксембургтің жоғары оқу орындарында білім алып жүрген қазақстандық студенттердің бейімделуі, олардың мансаптық болашағы, сондай-ақ алдағы Республика күнін мерекелеу мәселелері Брюссельдегі Қазақстан Елшілігінде өткен кездесуде талқыланды.
Жиынға Бельгияда оқып, тұрып жатқан қазақстандықтарды біріктіретін «Qazaq Society in Belgium» ұйымының мүшелері мен белсенді жастар қатысты.
Қазақстанның Бельгиядағы Елшісі Роман Василенко жергілікті жетекші университеттерге енді ғана оқуға түскен студенттерді құттықтап, жылы лебізін білдірді: «Сіздер Қазақстаннан жырақта жүргендеріңізбен, әрқайсыңыз еліміздің бір бөлшегін бойларыңызда алып жүрсіздер. Шетелдегі жетістіктеріңіз – Отанымыздың болашағына қосқан үлес. Сіздер қазірдің өзінде Еуропаның студенттік, академиялық және жастар ортасында Қазақстанның бейресми елшілері болып отырсыздар».
Сондай-ақ, Елші қатысушылардың Елшілік ұйымдастырған іс-шараларға белсенді қатысып жүргенін атап өтті.
Кездесу барысында студенттерге дипломатиялық өкілдіктің қызметі және Қазақстан саясатының негізгі бағыттары туралы ақпарат берілді. Ерекше назар Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауына, елдің халықаралық бастамаларына, сондай-ақ Бельгияда өтетін мәдени және қоғамдық іс-шараларға аударылды:
«Бүгінде Қазақстан цифрлық болашаққа қадам басуда. Президент Қ.Тоқаевтың Жолдауында маңызды мақсаттар қойылды — олардың ішінде өмірдің барлық саласын цифрландыру және жасанды интеллектіні дамыту. Бұл тек стратегия ғана емес, сонымен бірге жастар үшін нақты мүмкіндіктер. Цифрлық экономиканы дамыту аясында жаңа бағдарламалар іске қосылып, халықаралық серіктестіктер құрылуда, тағылымдамалар мен ғылыми зерттеулерге жол ашылуда. Біз сіздердің осы процестердің ортасында болғандарыңызды қалаймыз».
Өз кезегінде жас қазақстандықтар Елші мен Елшілік қызметкерлеріне Бельгия мен Люксембургте іс-шаралар ұйымдастыру, халықаралық ғылыми-білім беру ынтымақтастығын кеңейту, сондай-ақ Қазақстанда, Бельгия мен Люксембургтегі компаниялар мен ұйымдарда тәжірибеден өту мүмкіндіктеріне қатысты сұрақтар қойды.
«Qazaq Society in Belgium» ұйымының жетекшісі А. Нұрбалин атап өткендей: «Еуропалықтардың Қазақстанды жақсырақ танығаны біз үшін маңызды. Біз елімізді мәдениет, білім және басқа қауымдастықтармен өзара іс-қимыл арқылы танытуға тырысамыз. Шетелдегі қазақстандықтарды біріктіре отырып, біз мәдениетімізді сақтап қана қоймай, оны дамытамыз. Мұның бәрі Елшілікпен ынтымақтастықта жүзеге асады».
Кездесуге қатысушылар бейресми атмосферада өткен аталмыш шара студенттердің Елшілік қызметкерлерімен және бір-бірімен жақынырақ танысуына мүмкіндік бергенін, пайдалы ақпарат алмасуға, байланыстарды нығайтуға және оқуда жүргенде Отанмен тығыз байланысты сақтауға септігін тигізгенін атап өтті.