Фландрия және Брюссельмен инвестициялар, инновациялар және орнықты даму салаларындағы ынтымақтастықтың жаңа көкжиектері. Ү.ж. 19-21 қарашада Бельгияның іскерлік миссиясы Астана мен Алматыға барады

Фландрия және Брюссельмен инвестициялар, инновациялар және орнықты даму салаларындағы ынтымақтастықтың жаңа көкжиектері. Ү.ж. 19-21 қарашада Бельгияның іскерлік миссиясы  Астана мен Алматыға барады

Брюссель, 2025 жылғы 1 қазан – Қазақстанның Бельгиядағы Елшісі Роман Василенко Фландрияның Инвестициялар тарту және экспортты ілгерілету агенттігінің (Flanders Investment & Trade, FIT) Бас директоры Пит Демюнтермен және Брюссельдің бизнес қолдау агенттігі Hub Brussels-тің Бас директоры Изабель Гриппамен кездесті.

Кездесулер барысында тараптар сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту және аса маңызды минералдар мен мұнай-химия, ауыл шаруашылығы мен агротехнологиялар, логистика және Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту, цифрландыру мен жасанды интеллект, «жасыл» энергетика, сондай-ақ ғылым, білім және туризм сияқты басым салалардағы өзара іс-қимыл перспективаларын талқылады.

Елші Қазақстанның ЕО мен Бельгия үшін сенімді серіктес болып қала беретінін, экономиканы әртараптандыру мен инвестицияларды ынталандыру саясатын белсенді жүргізіп отырғанын атап өтті. Ол Қазақстан әлемдік уран өндірудің 43%-ын қамтамасыз ететінін, Еуропалық Одақ аса маңызды деп таныған 34 шикізаттың 18 түрін өндіріп отырғанын және осы салаларда фламандтық және брюссельдік компаниялармен ынтымақтастықты дамытуға ниетті екенін айтты.

Цифрландыру мен инновациялар мәселелеріне де ерекше назар аударылды. Қазақстанның «Digital Qazaqstan» ұлттық стратегиясын жүзеге асырып жатқаны және Фландрия мен Брюссельдегі ғылыми-зерттеу және бизнес кластерлерімен әріптестік орнатуға кең мүмкіндіктер ашатын Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрылғаны баса айтылды.

Тараптар «жасыл» транзит пен орнықты өсу саласындағы ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті. Қазақстан 2060 жылға қарай көміртекті бейтараптыққа қол жеткізуді мақсат етіп отыр және жаңартылатын энергия көздерін дамытуда белсенді жұмыс жүргізуде. Бұл бағытта Фландрия мен Брюссельдің сутегі технологиялары, оффшорлық жел энергетикасы және орнықты қала құрылысы салаларындағы тәжірибесі айрықша сұранысқа ие бола алады.

Әңгімелесушілер кәсіпкерлер арасындағы тікелей байланыстарды нығайтудың маңызын да атап өтті. Атап айтқанда, 19-21 қараша аралығында Астана мен Алматыда өтетін бельгиялық компаниялардың бизнес-миссиясы талқыланды. Бұл іс-шара Бельгияның үш аймақтық бизнес ынтымақтастығын дамыту агенттіктері – FIT, Hub Brussels және Валлонияның AWEX агенттігі – бірлесіп ұйымдастыруда.

FIT және Hub Brussels Қазақстан Елшілігімен бірлесіп өзара сауда-инвестициялық байланыстарды нығайтуға бағытталған тақырыптық бизнес-форумдар мен салалық кездесулер өткізуге дайын екендіктерін растады.