БҰҰ Бас Ассамблеясы алаңындағы келіссөздерден кейінгі Қазақстан мен Бельгияның экономикалық қатынастарының дамуы

БҰҰ Бас Ассамблеясы алаңындағы келіссөздерден кейінгі Қазақстан мен Бельгияның экономикалық қатынастарының дамуы

2025 жылғы 24 қыркүйек, Брюссель – Нью-Йоркте Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Бельгия Премьер-министрі Барт Де Вевердің БҰҰ Бас Ассамблеясы аясында өткен кездесуінде қол жеткізілген уағдаластықтарды дамыту мақсатында Қазақстанның Бельгиядағы Елшісі Роман Василенко Бельгияның Сыртқы істер, сыртқы сауда және даму министрлігінің Экономикалық ынтымақтастық департаментінің директоры Матиас Хэринкпен келіссөздер жүргізді.

Нью-Йорктегі кездесуде аса маңызды минералдарды игеру, мұнай-химия, ауыл шаруашылығы, логистика, жасанды интеллект, қаржы, туризм және білім беру сияқты негізгі салалардағы ынтымақтастықтың перспективалары талқыланды.

Брюссельдегі келіссөздер барысында тараптар сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту және бірлескен инновациялық жобаларды дамыту үшін айтарлықтай әлеует бар екенін атап өтті. Ынтымақтастықты әртараптандыру және екі елдің бизнес-қоғамдастықтарын белсенді тарту мүмкіндіктері қарастырылды.

Елші Р.Василенко қазақстандық экономикалық саясаттың басымдықтары туралы, соның ішінде цифрлық трансформация, өнеркәсіптік кооперацияны дамыту және шетелдік инвестицияларды ынталандыру жөнінде әріптестерін хабардар етті. Жаңартылатын энергетиканы, сирек жер және аса маңызды материалдарды, сондай-ақ көлік-логистикалық инфрақұрылымды, соның ішінде Транскаспий халықаралық көлік дәлізінің әлеуетін дамытуға ерекше көңіл бөлінді.

Бельгия тарапы тұрақты даму, инновациялар, цифрландыру және ғарыштық технологиялар саласында әріптестікті нығайтуға, сондай-ақ ғылым мен білім саласындағы ынтымақтастыққа қызығушылық танытты.

Сондай-ақ, тараптар алдағы жоғары деңгейдегі сапарлардың ұйымдастырушылық мәселелерін талқылап, олардың саяси диалогты одан әрі дамыту және практикалық ынтымақтастықты кеңейту үшін маңыздылығын атап өтті.

Кездесу соңында тараптар барлық деңгейде тұрақты диалог жүргізудің қажеттілігін растады, бұл Қазақстан мен Бельгия арасындағы экономикалық әріптестікті одан әрі кеңейтуге және екі елдің бизнесі мен мемлекеттік құрылымдары үшін жаңа мүмкіндіктер ашуға жол ашады.

Анықтама: 2025 жылғы қаңтар-шілдеде Қазақстан мен Бельгия арасындағы тауар айналымы 299,2 млн. долл. құрады.  2024 жылы тауар айналымы 456 млн. (экспорт-210 млн, импорт-246 млн) құрады. Бельгиядан ҚР-ға тікелей инвестициялардың жалпы ағыны 2024 жылы – 1,206 млрд долларды құрады. 2005 жылдан 2024 жылға дейінгі кезеңде инвестициялар көлемі 13,95 млрд. долларға жетті. ҚР-да бельгиялық капиталдың қатысуымен 76 кәсіпорын жұмыс істейді.