БРЮССЕЛЬ, 2025 жылғы 16 қыркүйек – Қазақстан Республикасының Еуропалық одақ жанындағы Өкілдігінің басшысы, Елші Роман Василенко Еуропалық комиссияның Миграция және ішкі істер жөніндегі Бас директорат басшысының орынбасары Йоханнес Лухнермен кездесті.
Кездесу барысында тараптар құқықтық тәртіп саласындағы Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін, оның ішінде заңсыз көші-қонға қарсы іс-қимылды, реадмиссия мәселелерін, шекаралық бақылауды жетілдіруді, Еуропалық ішкі істер құрылымдарының озық тәжірибесін пайдалануды, сондай-ақ жақын арада Қазақстан азаматтарына визалық режимді жеңілдету және реадмиссия келісімдер жөніндегі келіссөздерді практикалық тұрғыда іске қосу туралы талқылады.
Қазақстандық дипломат ЕО елдеріне сапарлайтын қазақстандық азаматтар жөніндегі көші-қон статистикасының оң динамикасы туралы ақпарат беріп, көші-қон тәуекелдерінің жоқтығын және олардың қабылдаушы мемлекеттердің заңнамасын қатаң сақтайтынын атап өтті. Елші Қазақстанның көші-қон саласындағы халықаралық стандарттарға бейілдігін және Еуропалық одақпен өзара тиімді серіктестікті одан әрі дамытуға мүдделілігін жеткізді.
Өз кезегінде Й. Лухнер Қазақстанның Орталық Азиядағы рөлін және өңірлік қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге қосқан үлесін жоғары бағалады. Ол көші-қон және қауіпсіздік мәселелерін шешу барысында тараптар арасындағы сындарлы диалог пен тәжірибе алмасуды жалғастырудың маңыздылығын атап өтті.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ынтымақтастық пен тәжірибе алмасудың басым бағыттары бойынша тұрақты диалогты қолдап отыруға уағдаласты.