Бельгия Қазақстанның цифрлық трансформациясына қызығушылық танытуда

Бельгия Қазақстанның цифрлық трансформациясына қызығушылық танытуда

Брюссель, 2025 жылғы 9 қыркүйек – Қазақстанның Бельгиядағы Елшісі Роман Василенко Бельгияның Сыртқы істер, сыртқы сауда және даму жөніндегі федералдық қызметінің екіжақты қатынастар жөніндегі Бас директоры Биргит Стевенспен кездесу өткізді.

Кездесу барысында тараптар екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен болашағын талқылап, саяси, экономикалық және парламентаралық салалардағы өзара іс-қимылдың жоғары қарқынын атап өтті. Жоғары және аса жоғары деңгейдегі алдағы кездесулер мен сапарларды дайындау аясында тараптар екіжақты күн тәртібін практикалық мазмұнмен толықтыруға өзара қызығушылық білдірді.

Елші Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 8 қыркүйекте жариялаған халыққа жыл сайынғы Жолдауының негізгі бағыттары туралы бельгиялық тарапты хабардар етті. Әңгімелесуші жасанды интеллект пен цифрлық трансформацияны дамыту бастамаларына, соның ішінде ЖИ мәселелері жөніндегі министрлікті құруға, сондай-ақ салық әкімшілігі мен әлеуметтік саясат саласындағы жаңа тәсілдерді енгізуге аса назар аударды.

Бельгиялық тарап Жолдауда көрсетілген, Еуропалық Одақ елдерінде жоғары сұранысқа ие сирек және аса маңызды материалдарды қайта өңдеуді арттыруға бағытталған стратегиялық мақсаттарға, сондай-ақ су ресурстарын басқаруды және табиғи әлеуетті бағалау үшін спутниктік мониторингті қоса алғанда, «жасыл» өсуді ілгерілетуге қызығушылық танытты. Қазақстанның көлік-транзиттік әлеуетін, оның ішінде Орта дәліз арқылы дамыту жоспарлары да ерекше қызығушылық тудырды.

Тараптар Бельгияның ғарыш саласындағы тәжірибесін (Aerospacelab компаниясының жылына шамамен 500 спутник шығаруды жоспарлап отырғаны), осы перспективалы саладағы ынтымақтастықты дамытуға ниетті екенін білдірді.

Б. Стевенс аталған басымдықтарды оң бағалап, цифрландыру, тұрақты даму және стратегиялық маңызды шикізат ресурстары, сондай-ақ өзара қызығушылық тудыратын басқа да салалар бойынша диалогты жалғастыруға қызығушылық танытты.

Анықтама үшін: 2025 жылғы қаңтар-шілде айларында Қазақстан мен Бельгия арасындағы тауар айналымы 299,2 млн АҚШ долларын құрады. 2024 жылы тауар айналымы 456 млн АҚШ долларын (экспорт – 210 млн, импорт – 246 млн) құрады. 2024 жылы Бельгиядан Қазақстанға тікелей шетелдік инвестициялар жалпы ағыны 1,206 млрд АҚШ долларын құрады. 2005 жылдан 2024 жылға дейін инвестициялар көлемі 13,95 млрд АҚШ долларына жетті. Қазақстанда бельгиялық капиталдың қатысуымен 76 кәсіпорын жұмыс істейді.