Еуропалық Одақпен ынтымақтастық жоспарлары талқыланды

Еуропалық Одақпен ынтымақтастық жоспарлары талқыланды

Брюссель, 2025 жылғы 28 шілде – Қалыптасқан дипломатиялық тәжірибе аясында Қазақстан Республикасының Бельгия Корольдігіндегі Елшісі, Қазақстан Республикасының Еуропалық одақ пен Атом энергиясы жөніндегі Еуропалық қауымдастық жанындағы Миссиясының басшысы Роман Василенко Еуропалық сыртқы іс-қимыл қызметінің (ЕСІҚ) Протокол қызметі басшысының орынбасары Вадим Луценкоға өзінің сенім грамоталарының көшірмелерін табыс етті.

Іс-шара протоколдық сипатта өтіп, Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы өзара іс-қимылдың қазіргі жай-күйі мен перспективалары туралы пікір алмасумен қатар жүрді. Түрлі салалардағы сындарлы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға өзара бейілділік атап өтілді.

Сол күні ЕСІҚ желісі бойынша таныстыру кездесулері шеңберінде Р. Василенконың ЕСІҚ-тың Шығыс әріптестігі, Ресей, Кавказ және Орталық Азия бойынша басқарушы директорының орынбасары Аудроне Перкаускиенемен алғашқы кездесуі өтті.

Тараптар екіжақты және өңірлік өзара іс-қимылдың кең ауқымды мәселелері бойынша пікір алмасты, Қазақстан мен ЕО арасындағы әріптестіктің тұрақты сипатын атап өтті. Саяси диалогтың, сауда-экономикалық ынтымақтастық пен салалық өзара іс-қимылдың, соның ішінде энергетика, көлік, логистика, «жасыл» және цифрлық трансформация салаларындағы қарқынды дамуына оң баға берілді.

2025 жылғы сәуірде Самарқандта өткен «Орталық Азия – ЕО» Саммитінің қорытындылары бойынша қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыруға ерекше назар аударылды. ЕО пен Орталық Азия арасындағы бірлескен жол картасының ережелерін орындауға бағытталған практикалық қадамдар талқыланды.

Аталған құжат орнықты өңірлік байланыстарды кеңейтуге, әлеуметтік-экономикалық дамуға қолдау көрсетуге және жаһандық сын-қатерлерге қатысты ортақ тәсілдерді нығайтуға бағытталған. Институционалдық және бағдарламалық өзара іс-қимыл контексінде Team Europe және Global Gateway бастамаларының маңыздылығы атап өтілді. Бұл құралдар көлік пен логистика, цифрландыру және қоршаған орта салаларындағы өңірлік және өңіраралық жобаларға қосымша қолдау көрсетеді.

2025 жылдың екінші жартыжылдығында Қазақстанның бейінді іс-шараларға, оның ішінде жоғары және аса жоғары деңгейдегі сапарларға, сондай-ақ «ЕО – Орталық Азия» салалық форумдары мен диалогтық алаңдарына қатысу жоспарлары талқыланды.

Кездесу қорытындысы бойынша саяси және экономикалық байланыстарды одан әрі нығайтуға, институционалдық өзара іс-қимылды кеңейтуге, сондай-ақ орнықты және өзара тиімді әріптестік мүдделеріне сай келетін ұзақмерзімді бастамаларды бірлесіп іске асыруға өзара мүдделілік білдірілді.