Қазақстан Республикасы Президенті Кеңесшісінің Брюссель қаласына жұмыс сапары

Қазақстан Республикасы Президенті Кеңесшісінің Брюссель қаласына жұмыс сапары

Брюссель, 2025 жылғы 12–13 маусым – Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі – ҚР Президентінің халықаралық экологиялық ынтымақтастық жөніндегі арнайы өкілі З. Сүлейменова Брюссель қаласына жұмыс сапарымен барып, Халықаралық энергетикалық агенттіктің (ХЭА) энергия тиімділігі жөніндегі 10-шы жаһандық жыл сайынғы конференциясына (IEA 10th Annual Global Conference on Energy Efficiency) қатысты.

Конференция аясында З. Сүлейменова жоғары деңгейдегі дөңгелек үстел отырысында сөз сөйлеп, энергия тиімділігін арттыру және көміртегі бейтараптығына қол жеткізу мәселелері жөніндегі Қазақстанның көзқарасын таныстырды. Ол Қазақстан энергия тиімділігін ұлттық климаттық саясат пен орнықты экономикалық өсудің негізгі элементі ретінде қарастыратынын атап өтті. Ерекше назар 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу стратегиясына аударылды.

Сапар барысында Еуропалық комиссияның Энергетика жөніндегі бас директораттың (DG ENER) бас директоры Д. Йоргенсенмен, Климат жөніндегі бас директораттың (DG CLIMA) бас директордың орынбасары Я. Дюсикпен, ЕО-ның климат және қоршаған орта мәселелері жөніндегі арнайы өкілі Э. Аготамен, сондай-ақ Халықаралық энергетикалық агенттіктің атқарушы директоры Ф. Биролмен екіжақты кездесулер өтті.

Кездесулерде тараптар Қазақстанның климаттық күн тәртібін ілгерілету және ұлттық энергетикалық секторды түрлендіру бағытындағы күш-жігерін жоғары бағалады. Сонымен қатар, метан шығарындыларын реттеу саласындағы ынтымақтастыққа зор қызығушылық атап өтілді. Тараптар нақты нәтижелерге қол жеткізу үшін техникалық кездесулер өткізудің маңыздылығымен келісті.

Конференцияға қатысудан бөлек, З. Сүлейменова «TÜV AUSTRIA Belgium» компаниясына барды. Ұйым басшылығымен өткен кездесуде ол компанияның қызметімен танысып, оның инспекциялық және сертификаттау жұмыстары, зертханалық зерттеулер, бұзбайтын бақылау, коррозия диагностикасы, сондай-ақ менеджмент жүйелері мен персоналды сертификаттау салаларындағы қызметтері туралы ақпарат алды.

Жұмыс сапары тараптардың әріптестікті одан әрі нығайтуға деген өзара мүдделілігін растады. Орнықты энергетикалық даму, энергия тиімділігін арттыру және қоршаған ортаға зиянсыз энергия көздеріне көшу – ұзақ мерзімді энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің іргелі элементтері ретінде ерекше назарда болды.