Антверпен, 2025 жылғы 6 маусым – Антверпен-Брюгге портында «Қазақстанның көлік-логистика саласы: бельгиялық бизнес үшін мүмкіндіктер» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Іс-шараны Еуропа – Орталық Азия көлік қауымдастығы (ECATA), Фландрияның Инвестициялар және Сауда агенттігі (FIT), Валлонияның Экспорт және Инвестициялар агенттігі (AWEX)/AWEX Алматы бірлесіп ұйымдастыруымен, сондай-ақ Қазақстанның Бельгиядағы Елшілігі мен Антверпен-Брюгге портының қолдауымен өтті.
Іс-шараға бельгиялық көлік-логистика компаниялары, Еуропалық комиссияның, Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің, «Қазақстан темір жолы» ҰК АҚ және ТМТМ қауымдастығының өкілдері қатысты.
Талқылаудың негізгі тақырыптары: Транскаспий халықаралық көлік бағыты (ТМТМ) арқылы Еуразиялық көлік байланыстығын нығайтудағы Қазақстанның рөлі, Jan De Nul компаниясының Курык және Ақтау порттарындағы инфрақұрылымдық жобалары және ЕО-ның TAIEX Green Ports бастамасы аясындағы болашақ ынтымақтастық жоспарлары.
Тараптар Орталық Азияда тұрақты логистикалық шешімдерді дамыту мақсатында стратегиялық әріптестікке дайын екендерін растады.
Анықтама: Антверпен-Брюгге порты – Еуропадағы ең ірі және заманауи теңіз порттарының бірі, Бельгияда орналасқан. Бүгінгі таңда ол жүк айналымы бойынша Еуропада екінші орында. 2023 жылы порт шамамен 271 миллион тонна жүк және 13 миллионнан астам TEU контейнер өңдеді. Сондай-ақ, порт жылына 3 миллионнан астам автокөлік өңдеп, әлемдегі жетекші автокөлік ауыстырып тиеу порты болып саналады.
Порт тұрақты даму және инновация саласында көшбасшы болып табылады. Ол жасыл энергетика, сутегі инфрақұрылымы және цифрлық шешімдерге белсенді инвестиция салып, 2050 жылға қарай әлемдегі алғашқы көміртегі бейтарап порты болуды көздейді.