Брюссель, 2025 жылғы 4 маусым – Бельгия астанасында Қазақстан-Бельгия Іскерлік кеңесінің үшінші отырысы өтті. Іс-шараға Қазақстан мен Бельгияның жетекші компанияларынан 50-ден астам өкілі қатысты. Шараны БеНиЛюкс Сауда палатасы мен Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Бельгия Корольдігіндегі Елшілігінің, BECI, AWEX, FIT және Hub.Brussels сауда ұйымдарының қолдауымен ұйымдастырды.
Жиынды ашқан Қазақстанның Бельгиядағы Елшісі Марғұлан Баймұхан екі ел көшбасшыларының бастамасымен құрылғанын Іскерлік кеңес екіжақты сауда-экономикалық және инвестициялық байланысты нығайтуға арналған тиімді алаңға айналғанын атап өтті.
Өз кезегінде, Бельгияның Астанадағы Елшісі Анри Вантигем Қазақстанның Орталық Азиядағы стратегиялық рөлін атап өтіп, шетелдік компаниялардың табысты қызметіне ықпал ететін елдің тиімді сыртқы экономикалық саясатының маңыздылығына тоқталды.
Кездесу барысында Қазақстан мен Бельгия бизнес-қоғамдастықтарының кең ауқымды ынтымақтастығы мәселелері - әсіресе логистика, жасыл энергетика, химия өнеркәсібі мен биотехнология, жоғары білім беру салаларындағы әріптестік басты назарда болды.
Қатысушылар екі ел арасындағы сауда байланыстарының өсіп келе жатқанын атап өтіп, нақты ынтымақтастық жобаларын талқылады.
Іс-шара аясында Astana NAN, Artex, Batys Wood Works және басқа да қазақстандық компаниялардан құралған іскерлік делегацияның өкілдері бельгиялық ықтимал серіктестерімен мазмұнды келіссөздер жүргізді.
Анықтама: Бельгия Қазақстан экономикасына ірі шетелдік инвесторлардың бірі болып табылады. 2024 жылдың қорытындысы бойынша Бельгиядан Қазақстанға тартылған инвестициялар көлемі 1,2 млрд. АҚШ долларынан асты. Сонымен қатар, 2024 ж. Қазақстан мен Бельгия арасындағы тауар айналымы 456,3 млн. АҚШ долларын құрады.