
Брюссель, 2025 жылғы 19-20 мамыр – Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының (ҚСЗИ) директоры Еркін Тұқымов Еуропалық Одақ институттары мен Брюссельдегі негізгі талдау орталықтарының өкілдерімен кездесулер өткізді.
Еуропалық сыртқы іс-қимыл қызметі Басқарушы директорының орынбасары Люк Девинь, Еуропалық Кеңес Президентінің Орталық Азия бойынша дипломатиялық кеңесшісі, Елші Мэрилин Джозефсон және Еуропалық Комиссияның Халықаралық әріптестік департаментінің бас директоры, Елші Петерис Устубспен кездесулер екіжақты күн тәртібіндегі мәселелерге, соның ішінде саяси диалогты және экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға, сондай-ақ бірлескен іс-шараларға дайындыққа арналды.
Тараптар ынтымақтастықтың басым бағыттарын, соның ішінде көлік және инфрақұрылымдық жобаларды, тұрақты дамуды, энергетикалық әріптестік пен тұрақты жеткізу тізбегін қамтамасыз етуді, Орталық Азиядағы аймақтық ынтымақтастықты дамытуды, су мәселелерін, аймақтық қауіпсіздікті және Ауғанстанды талқылады.
Кездесулерде сирек жер металдары, жасыл энергетика және көлік дәліздерін, оның ішінде Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту сияқты стратегиялық маңызды және перспективалық салалардағы ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге екі жақтың мүдделілігі айтылды.
Сапар аясында Еркін Тұқымов Еуропарламентте «ЕО-Қазақстан: білім және мәдениет – ынтымақтастықтың тұрақты көпірлері» тақырыбында өткен дөңгелек үстелге қатысты. Ғылыми және білім беру дипломатиясы мәселелеріне арналған панельдік сессия барысында ол бірлескен бастамаларды жүзеге асыру арқылы Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы стратегиялық серіктестікті ілгерілетудің маңыздылығын атап өтті, сондай-ақ екіжақты ынтымақтастықтың ұзақ мерзімді күн тәртібін қалыптастырудағы және гуманитарлық байланыстарды нығайтудағы талдау орталықтарының рөлін ерекше атап өтті.
«Эгмонт» Корольдік халықаралық қатынастар институтының және Брюссель геосаясат институтының басшылығымен кездесулерде тараптар әлемдегі ағымдағы геосаяси жағдай туралы пікір алмасты, ЕО-ның сыртқы және ішкі саясатын, Қазақстан мен ЕО арасындағы екіжақты өзара іс-қимылды, ЕО-Орталық Азия форматындағы ынтымақтастықты, сондай-ақ халықаралық күн тәртібіндегі басқа да мәселелерді талқылады.
Анықтама: Еуропалық Одақ Қазақстан Республикасының негізгі сауда және инвестициялық серіктесі болып табылады. ЕО Қазақстанның сыртқы саудасының және жинақталған шетел инвестициясының жартысына жуығын құрайды.
2024 жылы тауар айналымы 48,7 млрд долларды, экспорт – 38,1 млрд долларды, импорт – 10,6 млрд долларды (+36,7%) құрады.
2024 жылы ЕО елдерінен тікелей инвестиция ағыны 7,9 млрд долларды құрады.
Қазақстан Еуропалық Одақпен кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісімге (халықаралық және аймақтық қауіпсіздік, сауда, инвестиция, инфрақұрылымды дамыту, сондай-ақ инновациялар, мәдениет, спорт және туризм мәселелерін қоса алғанда, ынтымақтастықтың 29 саласын қамтиды) қол қойған Орталық Азиядағы бірінші мемлекет болып табылады.
Қазақстанда еуропалық капиталдың қатысуымен үш мыңнан астам компания жұмыс істейді, оның ішінде Shell, Sneider, Eni, Total, Air Liquide, Alstom, Siemens және т.б. трансұлттық корпорациялар бар.
Корольдік халықаралық қатынастар институты «Эгмонт» - 1947 жылы бірнеше көрнекті бельгиялық саясаткерлер негізін қалаған Бельгиядағы жетекші тәуелсіз талдау орталығы. Бельгиялық және халықаралық өз зерттеу қызметкерлерінің және сыртқы сарапшылардың тәжірибесіне сүйене отырып, ол халықаралық оқиғаларға терең және уақтылы талдау жасайды. Институт сондай-ақ жоғары деңгейдегі кездесулер, соның ішінде республикалық маңызы бар кездесулер өткізетін орын болып табылады. Бұл оған әртүрлі елдер мен орталардың сарапшыларымен пікір алмасуға мүмкіндік береді.
Өз кезегінде, 2022 жылы негізі қаланған Брюссель геосаясат институты геосаясат пен стратегияға толығымен бағытталған Бельгиядағы жетекші сараптама орталығы болып табылады. Еуропалық көшбасшылардың қолдауымен құрылған институт мемлекеттік және жеке сектор өкілдерімен тығыз жұмыс істейді және ЕО туралы терең білімге және Еуропаны қалыптастыратын тарихи және мәдени өзгерістерді түсінеді. Негізгі халықаралық геосаяси процестерге жан-жақты талдау жүргізеді.