Қазақстанда Алғыс айту күні атап өтілуде

Қазақстанда Алғыс айту күні атап өтілуде

Бүгін, яғни, 1 наурызда Қазақстан халқы Алғыс айту күні мерекесін атап өтеді. Айтулы күнді Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев осыдан алты жыл бұрын Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күніне  орай бекіткен болатын.

Президент Алғыс айту күні туралы: "Қазақстан халқы ассамблеясы құрылған күн – 1 наурызды жыл сайын барлық этностардың бір біріне және мейірбандық танытып, ол адамдарды өз туғанындай қабылдаған қазақтарға алғыс айту күні ретінде атап өту әділетті болар еді. Ол күн бізді бұрынғыдан да гөрі жақындастыра түспек. Бұл күн мейірімділіктің, бүкіл қазақстандықтардың бір біріне деген достығы мен махаббатының жарқын мерекесі бола алар еді", – деген болатын.

ХХ ғасырда Қазақстанда көпэтносты халық қалыптасты. Столыпин реформасы кезіндегі шаруаларды қоныстандыру барысында Қазақстанға Ресейден, Украина мен Беларусьтен 1 миллион 150 адам келді. 30-жылдары ұжымдастыру кезінде бұрынғы КСРО-ның орталық өңірлерінен тәркілеуге түскен 250 мың шаруа жер аударылды. Осы уақыттары өнеркәсіп нысандарының құрылысына 1,2 миллион адам келді. Сталин режимі кезінде тұтастай бір халықтар – 800 мыңға жуық неміс, 102 мың поляк, 507 мың Солтүстік Кавказ халықтарының өкілдері, 18,5 мың корей отбасы Қиыр Шығыстан жер аударылды.

Қиын жағдайға тап болған қазақ халқы аштық пен қиыншылықты бастан өткерді, оларды жылы қабылдады, жүректерін ашты, қонақжайлықпен қарсы алды, бұл жерді олардың үйі екенін сездірді.

Бүгінде біз – 100-ден аса этнос және 17 конфессия өкілдері татулық пен келісімде өмір сүріп жатқан бірегей елміз. Біз бірге қалалар мен кенттер салып, егін егіп, индустрияны дамытып, жол салып жатырмыз, отбасын құрып, бала тәрбиелеудеміз. Табыстарымызға бірге қуанып, ең қиын сәттерде бір-бірімізге қолдау көрсетіп келеміз.

Бүгін Қазақстанда тәуелсіздік дәуірінің жаңа ұрпағы өсті. Олар өздерінің этникалық құндылықтарын құрметтейді және Отанын жақсы көреді, ұлтаралық достық – мемлекеттің тұтастығының негізі, оны сақтау және көбейту керек деген ортақ пікірде.