Қазақстандық тасымалдаушылар дипломатиялық қолдау алуда

Қазақстандық тасымалдаушылар дипломатиялық қолдау алуда

Жуырда Беларусь Республикасындағы Қазақстан Республикасы дипломатиялық корпусының қызметкерлері ЕАЭО шекарасының Беларусь-Литва және Беларусь-Польша учаскелерінде орналасқан Брест және Гродно өңірлік кедендерінің өткізу пункттеріне барды.

Сапар барысында Қазақстан дипломаттары шекарадағы кедендік бақылау процесімен, кеден қызметкерлерінің паспорттық бақылау жүргізу рәсімімен, «Каменный Лог», «Брузги», «Козловичи», «Брест-Западный» өткізу пункттерінің және «Каменный Лог-Белтаможсервис», «Бремино-Брузги», «Брест-Белтаможсервис-2» көлік-логистикалық орталықтары өткізу пункттерінің инфрақұрылымымен танысты.

Кедендік өзара іс-қимылдың өзекті мәселелері, сондай-ақ қазақстандық тасымалдаушыларда туындайтын проблемалық жағдайлар Гродно өңірлік кеденінің бастығы А.Н. Ковальчук және Брест кеденінің бастығы А.К. Пихунмен талқыланды.

Тауарлар мен көлік құралдарын ЕАЭО-ның сыртқы шекаралары арқылы өткізу кезінде кедендік әкімшілендіру мәселелерін шешуде жан-жақты жәрдемдесу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

Жыл сайын ЕАЭО сыртқы шекарасының Беларусь учаскесі арқылы Қазақстан Республикасына 40 мыңға жуық көлік құралы, Қазақстан Республикасынан – 15 мыңға жуық көлік құралы өтеді.

2020 жылдың 10 айында ҚР Қаржы министрлігінің МКК өкілдері Қазақстан Республикасының Беларусь Республикасындағы шетелдік мекемелерінің жанында әртүрлі сипаттағы қазақстандық тасымалдаушылардың 42 өтініші бойынша жәрдем көрсетті, Беларусь Республикасының кеден қызметімен өзара іс-қимыл жасай отырып 160-тан астам кедендік декларация бойынша мәселелер пысықталды.